Алматының Медеу, Бостандық, Наурызбай аудандарында адамды кене шағу қаупі жоғары
Спикердің сөзінше, кене энцефалитіне қарсы егу адамға 18 жастан бастап жүргізіледі. Оған кене энцефалитінің эндемиялық аумағында тұратын адамдар немесе сол жерде жүретін, кене энцефалиті вирусымен жұмыс істейтін медицина қызметкерлері жатады.
«Вакцинация кестесі 1-ден 7-айға дейінгі аралықта екі егілуден және бастапқы вакцинация курсы аяқталған соң, 12 айдан кейінгі ревакциянциялаудан тұрады. Бірінші инъекцияны күзгі кезеңде (қазан-қараша), екіншісін бір, екі айдан кейін жасаған дұрыс», - деді Эльвира Ибрагимова.
Ересектер мен балаларға кене энцефалитіне қарсы адам иммуноглобулині қолданылады. Кене энцефалитімен ауырғандар екі жыл немесе одан ұзақ уақыт бойы диспансерлік бақылаудан өтуі тиіс.
«Кененің шағуынан зардап шеккен адамдарды диспансерлік бақылау - тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымда 21 күн бойы тұрақты термометрия арқылы жүргізіледі», - деді спикер.
Оның айтуынша, Алматы қаласы – кене энцефалитінің эндемиялық аймағы.
«Тәжірибеде кенелер көбіне наурыздан қыркүйекке дейін белсенді болатынын, яғни осы уақтта олардың адамдарды көп шағатынын көреміз. Кене энцефалитінің алдын алу әсіресе таулы аймақтарда немесе саяжайлар аумағында тұратын тұрғындар үшін өзекті. Қалада оған Медеу, Бостандық, Наурызбай аудандары жатады», - деді эпидемиолог.
Ол сондай-ақ кене шаққан жағдайда оның антигендік құрамын (АГ құрамы) Ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және сараптама орталығында тексеру қажет екенін айтты. Сараптама ақылы түрде жүргізіледі.
Айта кетейік, кене шаққан кезде төмендегі стационарларға медициналық көмекке жүгіну болады:
- №4 қалалық клиникалық аурухана (Папанин көшесі, 220);
- №7 қалалық клиникалық аурухана (Қалқаман шағын ауданы, 20);
- Орталық қалалық клиникалық аурухана ( Жандосов көшесі, 6);
- Жедел медициналық көмек көрсету қалалық ауруханасы (Қазыбек би көшесі, 96);
- Балалар жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы (Манас көшесі, 40).