Алматының Наурызбай ауданында екі емхана мен дәрігерлік амбулатория салынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Медициналық мекемелердің жетіспеушілігі мен емханалардың шамадан тыс жүктелуі - Алматының Наурызбай ауданындағы негізгі мәселелердің бірі. Бұл туралы Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу барысында қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының Наурызбай ауданында екі емхана мен дәрігерлік амбулатория салынады

«Ауданның жоғарғы бөлігінде емдеу мекемелері жоқ. Сондай-ақ, инфрақұрылымды дамытудың жылдам қарқынын және аудан халқының жыл сайынғы 10-12 мыңға өсуін ескере отырып, Алматы қаласының әкімдігі 500 келушіге арналған 2 жаңа емхана мен 200 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салуды жоспарлап отыр», – Ерболат Досаев.

Қала әкімі атап өткендей, «Ақжар» ықшам ауданында 200 орындық дәрігерлік амбулатория құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірлену үстінде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың 1-тоқсанында басталады.

«Құрамыс» ықшам ауданында емхананың жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Құрылыс 2023 жылдың 2-тоқсанында басталады.

Ал «Шұғыла» ықшам ауданы бойынша емхананың жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге конкурс жарияланады. Құрылыстың басталуы 2024 жылдың 1-тоқсанына жоспарланды.