Алматының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы өзенінде су деңгейінің көтерілу қаупі жойылды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін таңертең Алматы қаласының Наурызбай ауданы арқылы ағатын Қарағайлы өзенінде таңертең 08 сағат 10 минутта мұз кептелісі орын алды, деп хабарлады Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Сандуғаш Баймұханбетова.

 Алматының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы өзенінде су  деңгейінің көтерілу қаупі жойылды (ФОТО)

Оның айтуынша ылғал қар Қарағайлы өзенінің арнасын көпір салынған тұстан бекітіп тастаған.

«Соның салдарынан Қалқаман ықшамауданындағы Д. Аханов көшесі бойында орналасқан № 77-ші жеке тұрғын үйдің ауласын жартылай су басты. Қазір өзен арнасын тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл іске «Алматы қаласының құтқару қызметі» мекемесінің жеке құрамынан 9 адам мен 5 арнайы техника, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің «Республикалық жедел-құтқару отряды» мекемесі жеке құрамынан 6 адам және 1 арнайы техника және Алматы қ. Төтенше жағдайлар департаментінің 3 қызметкері жұмылдырылған», - деді С. Баймұханбетова.

Айта кетелік, оқиға орнына Наурызбай ауданының коммуналдық шаруашылғы бөлімінің өкілдері де келіп жеткен. Әзірге өзен арнасынан 30 текше метр қар шығарылды. Көпір астындағы мұз кептелісі жойылды. Сәйкесінше, өзенде су деңгейінің көтерілу қаупі сейілді. Қазір өзен арнасын тазалау жұмыстары одан әрі жалғасуда.

null null null