Алматының патрульдік полициясы екі ауысымдағы жұмыс тәртібіне көшірілді
АЛМАТЫ. Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат - «Құқық тәртібі» арнайы іс-шарасы аясында қаламыздағы патрульдік полиция қызметі екі ауысымдағы жұмыс тәртібіне көшірілді. Бұл дегеніміз патрульдік жасақтардың көбеюімен қатар, қамтамасыз етілетін аумақтарды кең көлемде тексеруге мүмкіндік туғызып отыр. Атап өтер болсақ күнделікті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге патрульдік полицияның 400-ден аса қызметкерлері мен 113 патрульдік көлік, соның ішінде 7 жылжымалы «Гранит» пункті және түнгі «Мираж» іздестіру топтары жұмылдырылады, деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз қызметі.
«Айта кететін болсақ, ашылған қылмыстардың басым көпшілігінде патрульдік полиция сақшыларының қосқан үлестері орасан зор. Қылмыс орын алған жерге бірінші келіп жетіп, алғашқы іздестіру шараларын ұйымдастыру, көше бойында жасалатын қылмыстардың алдын алу олардың басты міндеттері болып табылады. Мысалға, өткен тәулік ішінде қаламызда 30 қылмыс тіркеліп, 29 ізі суымай ашылған қылмыстың 11-і «Боран» патруль сақшыларының үлесінде», - деп атап көрсетті Алматы қаласы ІІД патрульдік полиция полкінің командирі Серік Кененбаев.
Дәлірек айтқанда, жақында орын алған қарақшылық шабуылды патрульдік полицейлер ашқан. Ішімдікке сылқия тойып алған төртеу, көше бойында кетіп бара жатқан азаматты пышақпен қорқытып, одан қол сағаты мен ақшасын тартып алған. Патрульдік полицияның үш экипажы қылмыс жасалғаны туралы мәліметті алысымен, дереу іздестіру шараларына кіріскен. Нәтижесінде барлық қылмыстық топ мүшелері тұтқындалды.
«Сонымен қатар, олар өз жұмыстарын атқару уақытында, адамдар көп жиналатын орындарды ерекше назарда ұстайды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар немесе күдік туғызған азаматтарды жеке басын анықтау үшін аймақтық ішкі істер органдарына жеткізеді. Қазіргі таңда патрульді полиция сақшыларының жұмысына халық оң көзбен қарап, мүмкіндігінше қолдау көрсетіп, түрлі алғыс хаттар жолдағандары біздерді қуантып отырғанын айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда патрульдік полиция қызметкерлері ішкі істер органдарының бетке ұстар сақшыларына айналып отыр. Алдағы уақытта халық арасында полиция туралы оң пікірлер қалыптастыру үшін түрлі жұмыстар атқарылатын болады», - деп өз сөзін түйіндеді Серік Кененбаев.