Алматының перзентханасындағы өрт кезінде 8 сәбиді құтқарған қызметкерлер марапатталды
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен, балалардың өмірін құтқарудағы ерлігі, батылдығы мен қайсарлығы үшін алматылық акушер-дәрігер Перизат Садықова, мейірбике Арайлым Жиделиева және акушер-дәрігер Виталий Грушевский «Өрт кезінде көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды.
«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша адам өмірін сақтап қалғандары үшін барлық марапат иелеріне алғыс айтамын! Марапатталғандардың арасында індет тарап жатқан кезде науқастарға медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, адамдарды қауіптен аман алып қалған дәрігерлер де бар. Кез келген уақытта қол ұшын созып, көмекке келуге дайын азаматтарымызға айтар алғысымыз шексіз. Жауапкершілік пен табандылық, батылдық және жедел шешім қабылдай білу қабілеті - біздің ұрпағымыздың бойында болуы керек қасиеттер», - деп атап өтті Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Серік Әубәкіров.
Еске салайық, осы жылдың 18 шілдесінде Алматы қаласындағы №1 перзентхананың балалар реанимациясы бөлімінен өрт шықты. Онда жаңа туған 8 сәби болды. Дабыл қағылған кезде, сол түнгі кезекшілік топ тез арада төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттер алгоритміне сәйкес сенімді және дүрбелеңсіз жұмыстар атқарды. Реанимация бөлімшесіндегі 8 жаңа туған сәбиді акушер-гинеколог Перизат Садықова және балалар мейірбикесі Арайлым Жиделиева қауіпсіз жерге көшірді. Дәрігерлердің бірі Виталий Грушевский электр сымдарының тұйықталуына жол бермей, ұнтақты өрт сөндіргішті тез арада қолданып үлгерді.