Алматының су басқан аудандарында апаттық-құтқару жұмыстары аяқталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының су басқан аудандарында апаттық-құтқару жұмыстары аяқталды. Енді бұдан әрі қарай, су тасқыны салдарын жою жұмыстарын қала аудандарының коммуналдық қызметтері жүргізетін болады.
Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алатау мен Жетісу аудандарында су сорғыштар арқылы лай суды тартып шығару және үйлер мен аулаларды, жертөлелерді, бақшаларды, көшелерді лай үйіндісі мен қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, арық жүйесі тазартылып, тереңдетілді. Қарағайлы өзенінің 10 көпірлік өткеліндегі арнасы кеңейтілді. Суды бұрып апаратын су арнасы жасалып, ол құм салынған қаптармен уақытша нығайтылды.
Айта кетелік, Алатау мен Жетісу аудандарында су тасқыны салдарын жоюға Алматы қалалық ТЖД, қалалық және аудандық атқару органдары, азаматтық қорғаныс қызметтері, жергілікті полиция қызметтері, ҚР ІІМ Ұлттық ұланы және Алматы гарнизонының әскери құрамаларының жеке құрамы мен техникалары жұмылдырылған болатын.