Алматының танымал тұлғалары қала тұрғындарының назарын музейге аудармақ
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Оңтүстік астанамыздың ақын-жазушылары, эстрада жұлдыздары, танымал өнер иелері мен қылқалам шеберлері қала тұрғындары мен қонақтарын Алматы музейіне шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, алып шаһардың 1001 жылдығына орай, «Музей маусымы» жобасы бүгін салтанатты түрде өз жұмысын бастады. Идея авторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды жоба екі айға жоспарланғанын, егер халықтың көңілінен шығып жатса, жылдың соңына дейін жалғасын табуы ықтимал екенін жеткізді.
«Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Музей маусымы» жаңа жобаны бастап отырмыз. 1 000 жылдық тарихы бар Алматының жаңадан ашылған музейін таныту баршамыздың міндетіміз. Бүгін маусымды салтанатты түрде ашып отырмыз. Ертеңнен бастап, қонақтарымызбен жұмыс басталады. Әр бейсенбі күні жасаған жұмысымызды қорытындылайтын боламыз. Шарада қонақтар арасында «Үздік селфи», мектеп оқушылары арасында музей туралы «Үздік шығарма», Алматыдағы фото тілшілерге арналған «Фото сессия» атаулары бойынша жұмыстарды іріктеп алып, сыйлықтар табыс етеміз. Сондай-ақ, «Мен Алматының бөлшегімін» атауымен бір жобамыз бар. Ол жоба бойынша алматылықтар өз үйіндегі музейге тұратындай естелігін тарту ете алады. Желтоқсан айында ең жақсы жәдігер тарту еткен адамға Алматы әкімі атынан алғыс хат беріліп, өз тарапымыздан сыйлық тарту етеміз. Мысалы, мен өзім 1958 жылы жасалған танк ішінде тұратын сағатты тарту етемін. Әр бейсінбі күндізгі сағат 12-00, 16-00 және 20-00 шараларымыз өтеді. 12-00-де ақын-жазушылармен кездесу болып, ақындардың кітаптары таныстырылады. Студенттер арасында дебат өтеді. Сағат 16-00-де белгілі спортшыларымызбен «жұлдызды гид» жасаймыз, 20-00-де шығармашылық кеш өтеді», - деді идея авторы, актер Азамат Сатыбалды.
Алматы музейі директоры Нұрлан Дүкенбай бұл жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» туралы идеясына сәйкес келетінін айтты.
«Туған жер» бағдарламасы бойынша Алматы әкімі жанынан жоспар жасалған болатын. Сол жоспардың ішінде қамтылған шаралардың бір бөлігі - осы жоба. Елбасы айтқан «Ұлттық кодтың» бір негізі тарихи жәдігерлерімізде жатыр. Қазақстан жерінің тарихи мол. Музейге келушілер жәдігерлермен таныса отырып, ел мен жердің тарихын біле түседі. Бұл жоба музей аудиториясын қалыптастырудың дәстүрлі жобасынан бөлек, ерекше тәсіл. Мақсатымыз музейге келуші адамдардың санын ұлғайту», - деді Нұрлан Дүкенбай.
Нұрлат Дүкенбайдың айтуынша, Алматы музейінде Қазақстанда алғаш рет мүгедек жандарға арналған экспозиция жасалған. Нақтырақ айтқанда, мүгедек жандарға, әсіресе зағиптарға тарихи жәдігерлерді, экспонаттарды қолымен ұстап көруіне рұқсат етілген.