«Алматының тарихы Верныйдан басталмайды» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 22 қаңтар, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында Алматы тариxының тым тереңде жатқанын дәлелдейтін тың деректер келтіріледі. Газеттің жазуынша, қазір қазақ қоғамы Алматы тариxы Верный бекінісінен бастау алады деген жаңсақ пікірде.
VIII-X ғасырларда Алматы төңірегінде түрлі қоныстардың болғаны жазылып жүр. Ақсақ Темірдің кезекті жорығында осы мекендердің бәрі талқандалған. Алайда Алматы далада жатқан жер емес-тұғын", - делінген «Алматының тарихы Верныйдан басталмайды» атты мақалада.
«Иә, Алматы - қазақтардың қоныс тепкен құтты жері. Өкінішке қарай, Кеңес заманында Алматының тарихын Верныйдан бастап, әбден санамызға сіңіріп тастады. Содан болар, әлі де шынайы тарихты тануға келгенде селсоқ қарайтынымыз. Алматының мыңжылдығы төңірегінде әңгіме қозғалса, сенімсіздік танытамыз. Сондықтан Алматының Верныйдан бұрын да Алматы болғанын дәлелдейтін біраз тарихи дәлелдер келтірсек...
1891 жылы Кіші Томас Аллен Гаскелл мен Уильям Льюис Сачтлибен деген американдық екі саяхатшы-студент Ыстамбұлдан Бейжіңге сапар шегіп, біздің жеріміз (Алматы, Шымкент) арқылы өткен. Олар осы сапары жайлы 1894 жылы Нью-Йорктен «Бүкіл Азияны велосипедпен аралағанда» («Аcross Аsia on a bicycle through») деген кітап жазған. Міне, сол кітаптың Алматыға арналған тұсында: «Бұрынғы Алматы, қазіргі Верный қаласының көшелері кең, ағаштары аласа, үйлердің көбі орыс сәулеті бойынша кірпіштен тұрғызылған. Біз жер сілкінісі салдарынан пайда болған жарылған жерлерді көрдік. Біз келмей тұрып бұл жерде сұмдық апат болып, жүздеген адам көз жұмған екен, тауға жақын жерлердің бәрі жермен-жексен болған» деп жазады. Ағылшын саяхатшылары «Vernoye, the old Almati» деу арқылы, Верный қаласының бұрынғы аты Алматы болғанын анықтап көрсетіп тұр. Олардың айтуынша, қаланың сол кездегі басшысы генерал Бауман екен. Ол екі саяхатшының осы сапарынан кейін қалаға туристер келеді деген үмітпен олардың қаланы аралауына, танып-білуіне керекті жағдай жасаған", - дейді басылым.
«Айқын» газетінің келесі мақаласында Қазақстанның туристік кластерінің дамуы жайында жазылады.
«Елімізге жыл сайын 4,5-6 миллионның аралығында шетелдік туристер табан тіресе, оның дені Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия мен Түркия азаматтары», - делінген «Туристерді елге қалай көбірек тарта аламыз?» атты мақалада.
Басылымның жазуынша, туристердің басым бөлігі саяхат бағыты ретінде Алматы қаласы мен облысын таңдаса, соның ішінде әсіресе, ірі мегаполистің тарихи-мәдени обьектілері мен Іле Алатауының шырайлы табиғатын тамашалауға ықылас білдіреді.
«100 нақты қадаммен айшықталған Ұлт жоспарында «Туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тарту» бастамасы анық айтылған. Сарапшылар елімізде туристік кластер қарыштап дамып, Ұлт жоспарында айтылған туризмге қатысты мәселелер оңтайлы шешілген жағдайда, алдағы 10-15 жылда қазақ жеріне қазіргідей бірнеше миллион емес, ондаған миллион шетелдіктер келу мүмкіндігін болжайды. Қазіргі көрсеткіштер де мұндай болжамға негіз болып тұр», - делінеді аталмыш материалда.
***
«Ел тұтас болмай, жер тұтас болмайды». Бүгін осындай тақырыппен «Егемен Қазақстан» басылымында ел бірлігіне қатысты ой-толғам мақала жарияланды.
«Елдіктің ертеңін ойлағанда, бүгінгінің кедір-бұдыр кемшіліктері әдіра қалады. Біртұтас деген елдің іргесінен содыр саясаттың суық желі соққанда, ел ішінде кәдімгідей дүрбелең басталады. Оған Таяу Шығыстағы ауыр ахуал арқылы әбден көзіміз жетіп отыр. Кешегі біртұтас Украинаның бүгін Қырымнан айырылуы да көп жайды аңғартады. Аласапыран мына дүниеде әр елдің өзіне тиесілі несібесі болғанымен, ықпалдылардың басқалармен санаса қоюы қиын. Олардың өз мүддесі бар. Біздің де, Қазақ елінің де алдына қойған өзіндік жөн-жоспары бар. Алдағы күннен күткен арман-аңсардың да жөні басқа...», - деп басталады аталмыш мақала.
«Адам баласы өз ырысын өзі тебетіні рас сияқты. Қазекең «семіздікті қой ғана көтереді» дегенді бекер айтпаған болар. Әйтпесе, «адам көтереді» деп айтқан болар еді ғой. Олай дейтініміздің жөні бар. Басқасы басқа, ливиялықтардың бейбіт қана емес, бақуатты өмір сүргені де белгілі. Түлен түртті ме, әлде америкалықтардың айтағына ерді ме, әйтеуір ырысты тайқазанын Каддафидің қандастары өздері төңкеріп тастады.
Каддафи билеген кезеңде Ливия халқы төмен деңгейде емес, төмендегідей деңгейде өмір сүріпті:
Ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 14 192 доллар; мемлекет тарапынан отбасының әрбір мүшесіне жыл сайын 1000 доллар шамасында дотация төленді; жұмыссыздық жәрдемақысы 730 доллар; медбикенің жалақысы 1000 доллар; әрбір туған нәрестеге 7 000 доллар төленеді; отау құрған жастарға пәтер сатып алу үшін 64 000 доллар сыйға тартылады; білім беру мен медицина тегін; автомобиль сатып алу үшін қарапайым адамдар үшін 50 пайызына дейін, халық жасағы жауынгерлеріне 65 пайызына дейін мемлекет төлейді; автомобиль және үй салып алу үшін несие пайызсыз беріледі; 1 литр бензиннің құны - 0,14 доллар.
Керемет дерлік жағдайда өмір сүрген ливиялықтар қандай жұмақты аңсағанын кім білсін, әйтеуір «коммунизм орнатқан» көсемдерін қорғай алмады. Көсемдерін ғана емес, өздерінің бақуатты өмірінен баз кешіп, жатжұрттықтардың қолшоқпарына айналғанын өздері де аңғармай қалды-ау...», - дейді материал авторы.
Хирургтар адамның басын ауыстыратын xалге жетті, деп жазады «Егемен Қазақстан». Бұл мәселе «Адамның басын ауыстыру мүмкін бе?» деген тақырыптағы материалға арқау болған.
«Осыдан 50-60 жыл бұрын адамзаттың бүгінгі мүмкіндігі «үш ұйықтаса түске кірмейтін» дүниелер болғаны рас. Ал қазіргі таңда ғарышты игерген адам одан да зор ғылыми жаңалықтарға иек артуда. Мәселен, осы аптаның сейсенбісінде АҚШ-тың Чикаго қаласында жұмыс істейтін итальяндық нейрохирург Серджио Канаверо мен оның қытайлық әріптесі Жень Сяотин осы саладағы сенсациялық жаңалықты жариялады. Олардың айтуынша, бүгінде хирургтер адамның басын ауыстыратын оталарды жасауға дайын екен», - делінген аталмыш мақалада.
Бұл жөнінде дәрігер Канаверо: «Біздің жаңалығымыз негізсіз емес. Осы кезге дейін әртүрлі жан-жануарға тәжірибелер жүргізіп, оң нәтижеге қол жеткіздік. Осымен тәжірибе кезеңін аяқтаймыз. Енді мұндай оталарды адамға жасауға дайынбыз. Осы ретте аталған отаға зәру ресейлік науқас Валерий Спиридоновтың ем-домына көмектесіп, сол елдегі әріптестерімізге қолұшымызды созғымыз келетінін айтқым келеді», - деп мәлімдеді.
Ал Ресейдің Владимир қаласында тұратын бағдарламашы Валерий Спиридоновтың өзі итальяндықтың ұсынысынан бас тартпайтынын айтты. Туғаннан арқа бұлшық еттерінің атрофийімен ауыратын науқас бүгінде өз денесін басқара алмайтын халге жеткен.
«Мұндай отаға шамамен 36 сағат қажет. Осы уақытта науқастың терісі бұзылмас үшін оның денесі мен басын арнайы мұздатқыш арқылы салқындатып отырамыз», - дейді дәрігерлер.
***
Елді «туып-тастау» қорқынышты эпидемиясы шарпып кетті, деп xабарлайды ресми тілде жарыққа шығатын «Экспресс К» басылымы.
«Апта сайын БАҚ тастанды нәрестелер туралы xабарламаларды жариялап тұруды дәстүрге айналдырған», - дейді басылым.
«Қазақстанда осындай оқиғаларға баладан бас тартудың жасырын формасын енгізу қажет», деп есептейді «Ана Үйі» қоғамдық қорының атқарушы жетекшісі Нәдия Борамбаева. - Мысалы, өзге дамыған елдердегідей бэбибокстарды орнату керек».
- Әрине, анонимді түрде баладан бас тартудың өз кемшіліктері мен жақсылықтары бар, - дейді Нәдия Бормабаева. - Бірақ оның жақсылығы әлдеқайда маңыздырақ - бұл баланың аман қалуы.
«Осы уақытқа дейін күні кеше Жамбыл облысында орын алған оқиға елдің санасына қонбай келеді: жолда толғағы қысып, дүниеге шыр еткізіп нәресте әкелген 16 жасар қыздың анасы немересін далаға лақтырып кеткен", - деп жазады "Экспресс К". Толығырақ "Колыбель последней надежды" атты мақаладан оқи аласыздар.