Алматының тәртіп сақшылары қарақшылық шабуыл жасаушыларды ұстады

АЛМАТЫ. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы полицейлері қарақшылық шабуыл жасаушыларды құрықтады.

Алматының тәртіп сақшылары қарақшылық шабуыл жасаушыларды ұстады

Түн ортасында үйіне қайтып келе жатқан қаланың «Жетысу» ықшам ауданының тұрғыны қарақшылардың құрбанына айналған.

Алматы қаласы Әуезов ауданы ІІБ бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбековтың айтуынша, әлгі азаматты үйінің кіре берісінде бетіне қара бетперде киген екі бейтаныс тоқтатып, сөзге келместен соққының астына алған. Одан кейін тапанша кезеп, ақшасын, ұялы телефонын және қол сағатын беруді талап етеді.

"Әуезов ауданында жұртшылық тығыз орналасқан. Сондықтан қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полиция шолғыншылары мен басқа да кешенді күш көп жұмылдырылған. Аталған оқиғада «Боран-058» шолғыншы экипажы тұрғын үйлердің алаңын тексеру барысында күдікті топты аңғарып қалады. Жақындай келе олардың тонаушылар екенін байқап, құрықтау үшін қажетті шара қолданған", -дейді Н.Алмасбеков.

Ұсталғандардың екеуі де жұмыссыз жүрген Алматы облысының тұрғындары болып шыққан.

"Болған оқиғаны саралай келе, ұсталғандар қылмыстық іспен бұрыннан айналысып келген деген ойдамыз. Олар бастан-аяқ қара киінген және түрлерін танып қалмас үшін құрбандарына қараңғы тасадан шабуыл жасаған" - деп атап өтті полковник Н.Алмасбеков.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар уақытша оқшаулау бөлмесіне жеткізілген. Сондай-ақ олардың басқа да қылмысқа қатыстары бар-жоқтығы тексеріліп жатыр.