Алматының туризмі инвестицияларға тартымды - Бауыржан Байбек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Almaty Invest форумында қаланың туристік әлеуеттерін жайып салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының туризмі инвестицияларға тартымды - Бауыржан Байбек

Әкім жеке тұлғалардың, соның ішінде шетелдіктердің инвестицияларын тартудың басты шарты - қаладағы жайлылық, дамыған сервис және адам капиталы сапасының жоғарылығы екендігін атап көрсетті.

«Қаламыздың табиғаты тамаша, белсенді демалу үшін бүкіл мүмкіндік бар. Медеу мұз айдыны күллі әлемге әйгілі. Шымбұлақ ТМД-ның үздік тау-шаңғы курорты атанды. Қонақтар үшін 2 мың мейрамхана, 237 қонақүй мен хостел, 20 музей, 19 театр, 14 көрме және галерея, 128 сауда, ойын-сауық кешені қызмет етеді. Қазақстанға келген шетелдік туристердің жартысы Алматыға соқпай кетпейді», - деді Бауыржан Байбек.

Әкімнің айтуынша, Алматы агломерациясының таулы локацияларының мастер-жоспары әзірленіп жатыр.

«Халықаралық сарапшылардың айтуынша, оны іске асыру шаңғы трассаларын 5,5 есе - 237 шақырымға дейін ұзартуға, шаңғышы туристердің санын 6 есе - 46 мыңға дейін көбейтуге, трекинг, хайкинг сияқты белсенді демалыстың көптеген түріне арналған 500 километрге жуық соқпақ салу мүмкіндігін береді», - дейді әкім.

Бауыржан Байбектің сөзіне қарағанда, іскерлік туризмді дамыту үшін жалпы ауданы 15 мың шаршы метрді құрайтын конгресс орталығы бар көрме кешенін салу жоспарланған.

Бұдан тыс, әкімнің ойынша, медициналық қызметтер сапасының жоғары болуы да туристер мен инвесторларды тартудың маңызды факторы. Осы мақсатта Ресейдің «Мединвестгрупп» компаниясымен қаладағы онкологиялық қызметті дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылған, ал №1 қалалық аурухананың базасында Оңтүстік Корея емханаларының тәжірибесін енгізіп жатыр.