22:23, 08 Маусым 2023 | GMT +5
Алматының Түрксіб ауданында 56 жобаға 875 млн теңге бөлінді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша Түрксіб ауданына қосымша 875 млн теңге бөлінді. Бұл туралы Ерболат Досаев халықпен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аталған қаражатқа 56 жобаны, оның ішінде жалпы пайдалану орындарын абаттандыру, балалар мен спорт алаңдарын жайластыру, жарықтандыру желілерін салу жобаларын іске асыру жоспарланып отыр», - деді Ерболат Досаев.
Айта кетейік, 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасын қаржыландыруға қосымша 7 млрд теңге бөлінді.
Бір жобалық ұсыныстың ең жоғары құны 86,2 млн теңгеден (25 мың АЕК) аспауы керек.
Осы жобалардың жиынтық құны әрбір аудан үшін «Халық қатысатын бюджет» лимитінен (875 млн теңге) аспауы тиіс.
Еске салайық, «Халық қатысатын бюджет» жобасы Алматыда 2019 жыл іске қосылды.