Алматының үш ауданынан 252,3 мың текше метрден астам тас араласқан лай үйінділері шығарылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының сел тасқыны өткен үш ауданынан 252,3 мың текше метрден астам тұрмыстық қалдықтар, лай және тас үйінділері шығарылды.

Алматының үш ауданынан 252,3 мың текше метрден астам тас араласқан лай үйінділері шығарылды

Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ ТЖ комитетінен мәлімдеді.

Наурызбай ауданында тұрғын үйлер мен аулаларды, көшелерді және нөмірі №187-ші орта мектепті лай көшкінінен тазарту жалғасуда. Сонымен қатар, сел тасқыны өткен Қарағайлы өзенінің бұзылған су арналарын қалпына келтіру жұмыстары да жүріп жатыр. Республикалық шұғыл-құтқару отряды мен Алматы қаласының құтқару қызметі бірлесіп, жалпы көлемі 130 текше метрден асатын, құлағалы тұрған 104 ағашты кесіп, қала сыртына шығарды.

Коммуналдық қызметтер тұрғын үйлерді сумен және газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі таңда тұрғындарға 3980 тонна ауыз су мен тұрмыстық мақсатқа 1063 тонна техникалық су жеткізілді.

«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі болса, сел тасқынынан қорғауға арналған құрылымдардың су таратқыш арналарын тазартып жатыр. Сондай-ақ, судың Қарағайлы өзенінің бойымен ағу барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.

Бүгінгі таңда ҚР ІІМ ТЖ комитетінің аумақтық бөлімшелері, Республикалық жедел-құтқару жасақтары, Апат медицинасы орталығы, «Қазселденқорғау» ММ, «Қазавиақұтқару» АҚ, ҚР ІІМ Ұлттық ұланы және басқа да қалалық қызметтер тарапынан барлығы 1281 адам мен 248 техника сел салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылған.