Алматының үш ауданында ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтуде
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Ұлттық Компаниясы» АҚ қалада өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкелер санын көбейтуде. Корпорация ұйымдастырған мұндай жәрмеңке бұған дейін Әуезов ауданында ғана өтіп келсе, сенбі-жексенбі күндері енді бұл қатарға Түрксіб және Алатау аудандары да қосылды.
«Алматы» ӘКК жәрмеңкелерді аудан әкімдіктерімен біріге отырып өткізілуде. Жәрмеңкеге Алматы және Жамбыл облыстарының ауыл шаруашылық тауар өндірушілері қатысып отыр. Онда 185-тен астам азық-түлік тауарлары саудаға шығарылып, бақша өнімдерінен бастап асқатық майы, шұжық өнімдері сияқты отандық өндірушілердің дайын тауарлары да ұсынылуда.
Қала басшылығының тапсырмасы бойынша жәрмеңкелерде ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өз тауарларын тікелей саудалауы үшін барлық жағдай жасалған. «Алматы» ӘКК тауар өндірушілер үшін сауда сөрелері мен сатушылардың арнайы киімімен бірге қажетті жабдықтардың бәрін тегін ұсынуда.
Аталған шаралардың арқасында жәрмеңкеде тауарлар қалада қалыптасқан орташа бағалардан 20-30% арзанға сатылуда. Мысалға, жақын базарларда қырыққабаттың келісі 180 теңгеден, сиыр еті 1200 теңгеден сатылса, Корпорация ұйымдастырған жәрмеңкеде аталған тауарлар сәйкесінше 120 және 850-900 теңгеден ұсынылып отыр.
Маусымаралық кезеңде көкөніс бағаларын тұрақтандыру жобасы аясында «Алматы» ӘКК жақын арада мұндай жәрмеңкелерді қаланың барлық аудандарында ашуды көздеп отыр. Жоспар бойынша олар аптаның жұмыс күндерінде де және жылдың барлық маусымдарында тұрақты өткізіліп тұратын болады.