Алматының «Жас қанат» шағынауданында 5 көпқабатты үй пайдалануға беріледі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы «Жас-Қанат» шағын ауданында ауданы 163 098 шаршы метр 3116 пәтерлік 41 үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімдігінен мәлім еткендей, бүгінгі күні 31 үй немесе ауданы 122 859 шаршы метр 2 344 пәтер пайдалануға берілді. 2023 жылдың соңына дейін тағы 5 көпқабатты үй немесе 473 пәтер қолданысқа беру жоспарланған. Сонымен қатар салынып жатқан үйлерге іргелес аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Жобасы аясында 12 ауланы абаттандыру көзделген. Абаттандыру нысандары 60%-ға дайын. Бүгінде 8 аула бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, аулаларды асфальттау және шағын сәулет нысандары орнатылды. Биыл 10 қыркүйекке дейін қалған және шағын сәулет нысандары орнату және көгалдандыру жұмыстары бітеді. Қалған 4 аула бойынша жұмыс 15 қыркүйекте басталып, 2023 жылдың қарашасында аяқталады. Мердігер ұйымға жұмыс қарқынын жеделдету тапсырылды», - деп атап өтті Алматы қаласы әкімдігінен.
Айта кетейік, үйлер 2022 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілуге тиіс еді. Жұмыстардың сапасыз орындалуына байланысты тапсыру мерзімінің едәуір кешіктірілуіне әкелген «Риголит» ЖШС, «Капиталпроект Групп» ЖШС, «Хадит» ЖШС, «Промкомплект» ЖШС, «Шах» ЖШС және «НВК-Сапа Құрылыс» ЖШС мердігерлік ұйымдарын мемлекеттік сатып алуға жауапсыз қатысушы деп тану туралы талап арыздар берілді.
Қазір сот жүріп жатыр.
