Алматының Жетісу ауданы қалай дамып жатыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жетісу ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері қалай шешіліп жатқаны туралы аудан әкімі Гүлнар Көкебаева айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева есеп беру жиынында өткен жылды қорытындылап, 2021 жылға арналған жоспарлар туралы айтты.
Жетісу ауданында көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды және әлеуметтік осал топтартарды қолдау мақсатында «Шыңға өрлеу», «Домбыра мектебі» және басқа да әлеуметтік клубтар жұмыс істейді. Ауданның бес жерінде 7-12 жас аралығындағы балаларға арналған тегін футбол, волейбол секциялары ашылды. Секциялар ауданның 300-ден астам балаларын қамтыды.
Биыл «Құлагер», «Айнабұлақ» және «Кемел» шағын аудандарында жаңа 3 спорт кешені ашылады. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Сонымен қатар, жасөспірімдер спортын қолдау үшін бірінші жартыжылдықта «Құлагер», «Көкжиек», «Көкмайса» шағын аудандарында ашық далада орналасқан 3 жекпе-жек орталығы пайдалануға беріледі. «Көкмайса» шағын ауданында балалар шығармашылық орталығын ашу жоспарда.
Кездесу барысында әкім жұмыспен қамту мәселесі кәсіпкерлік секторды дамыту есебінен шешілетінін атап өтті. «Рахат кз», «Алатау» базарларын жаңғырту және «Керемет» сауда үйін салу аясында 1250 жұмыс орнын құру көзделген. Биыл «Вираж» автосалонының құрылысы аяқталғаннан кейін 150 жұмыс орны ашылады.
Гүлнәр Көкебаева Жетісу ауданының тұрғындарын әлеуметтік сала мәселелері толғандыратынын айтты.
«Оқушы орындарының жетіспеушілігін шешу үшін ауданда жұмыс істеп тұрған мектептерге жапсаржай құрылысы, білім беру мекемелеріне күрделі жөндеу жүргізілуде.Осылайша, биылғы жылы №57, 102, 177 мектептерде 1050 жаңа оқушы орнына арналған қосымша құрылыс жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар, 850 оқушыға арналған №112, 148, 103 мектептерге қосымша тағы үш жапсарлас құрылыс басталады. Сондай-ақ, биыл біз «Айнабұлақ-4» шағын ауданында 160 орындық жаңа балабақша салуды бастаймыз», - деді аудан әкімі.
2019 жылдан бастап ауданда «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы жұмыс істейді, «Isker Ana» бағдарламасы іске асырылуда. 2020 жылы аталған орталықта 1116 адам тіркелген. 26 000 қызмет көрсетілді. 345 көпбалалы ана түрлі курстар мен тренингтерден оқудан өтті. Ауданда барлығы 1 969 көпбалалы отбасы бар. 682 Атаулы әлеуметтік көмек алды.
Аудан тұрғындарын қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін «Кемел» шағын ауданында жаңа амбулатория және «Жұмысшы» кентінде әйелдер консультациясымен, күніне 240 келушіге арналған емхана салу жоспарда. Сондай-ақ, №11 емханаға күрделі жөндеу жүргізіледі.
Жол инфрақұрылымы мәселелерін шешу мақсатында ұзындығы 18 шақырым болатын 10 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 8 шақырымға кәріз желілері салынады және 29,3 шақырым сумен жабдықтау желілері қайта жаңартылады.
«Жарықтандыруға келер болсақ, өткен жылы 84 көшеге жарық жүргізілді. Биыл аудандағы барлық көшелерді жарықтандырамыз. Сонымен қатар, «Жұмысшы» кентіндегі үйлерді су басу мәселесін шешу үшін биыл 4 шақырым арық желісіне жөндеу жүргізіледі. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлегеннен кейін ұзындығы 37,5 км арықтарды салу және реконструкциялау бойынша жұмыстарды бастау жоспарлануда»,-деді Гүлнар Көкебаева.
«Бюджетке қатысу» жобасы аясында 19 жоба іске асырылады: Сейфуллин даңғылындағы 2 көпірді жаңарту, ауданның 4 зиратын абаттандыру, аулаларды жөндеу және «Құлагер» шағын ауданында скейт парк құру.
Өткен жылы осы жоба бойынша «Айнабұлақ», «Көкжиек», «Құлагер» шағын аудандарында гүлзарлар мен жалпы ауданы 58 га. жаяу жүргіншілер аймағына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Тұрғындарды толғандыратын мәселелердің бірі - ескі тұрғын үй. Бұл мәселе шешіле бастады. Крылов-Скрябин-Гончаров көшелері мен Райымбек даңғылының бойында құрылыс жұмыстары басталды. Бұзылған 16 үйдің орнына 11 көптәрелі үй ( 944 пәтер салынады). Аяқтаудың жоспарланған мерзімі-2022 жылдың желтоқсаны», - деді Г.Көкебаева.
Биыл Казаков, Скрябин, Боткин көшелері мен Райымбек даңғылының бойындағы ескі үйлерді бұзу жұмыстары басталады, аяқталуы – 2024 жыл. 119 пәтерден тұратын 14 үйдің орнына 767 пәтерлік 13 үйдің құрылысы жоспарланған.
«Ескі үйлерден басқа, ауданда 5 апатты үй бар, олардың тұрғындарын 2022 жылдың басында әлеуметтік үйлерге көшіреміз»,- деді әкім.