Алматының жолдары веложарыстан Әлем чемпионатын өткізуге өте қолайлы - А. Винокуров

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының тас жолдары веложарыстан Әлем чемпионатын өткізуге өте қолайлы. Бұл туралы бүгін Халықаралық «Алматы туры 2014» біркүндік тас жолдық веложарысы барысында ҚазАқпарат тілшісіне «Астана» велокомандасының бас менеджері, Лондон Олимпиадасының чемпионы, атақты велошабадоз Александр Виноуров мәлімдеді.

Алматының жолдары веложарыстан Әлем чемпионатын өткізуге өте қолайлы - А. Винокуров

Оның айтуынша, «Алматы туры» веложарысын көпкүндік етуге және тіпті оңтүстік астанада веложарыстан Әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік бар.

«Мысалы, біз таяуда Испанияда веложарыстан өткен Әлем біріншілігінен оралдық. Жарыс 60 мың ғана халқы бар кішігірім қалашықта өтті. Бір аптаға созылатын Әлем біріншілігін солар өткізіп жатқанда бізге неге өткізбеске!? Ол жақта жарысты ұйымдастыру деңгейі төмен болды. Ал бүгінгі жарыс өте жоғары деңгейде өтуде. Оның соңғы сағатын «Еуроспорт» спорттық телеанасы көрсетеді. Ал Алматыда әр түрлі веложарыстарды өткізуге трассалар жеткілікті. Мысалы жарысты Қапшағай қаласында бастап, Медеу мұз айдыны немесе Шымбұлақ тау-шаңғы кешенінде аяқтауға болады», - деді А. Винокуров

Ал, «Алматы туры 2014 » веложарысы одан әрі жалғасуда.

Әзірге алда «Astana Pro Team» командасының велошабандозы Дмитрий Груздев, «Қазақстан» командасының велошабандозы Мақсат Аязбаев және Rusvelo (Ресей) командасының мүшесі Илнур Закарин келеді. Велошабандоздар төртінші айналымға шықты. Негізгі топ бес минуттан аса уақыт артта келеді.