Алпауыт Nvidia компаниясы миллиардтаған доллар шығынға батуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайға экспортқа қойылған шектеулер Nvidia компаниясына миллиардтаған доллар шығын әкелмек, деп жазды BBC.

Алпауыт Nvidia компаниясы миллиардтаған доллар шығынға батуы мүмкін
Фото: nvidia.com

Америкалық микрочип өндіруші Nvidia Қытайға экспорт ережелерінің қатаңдауына байланысты 5,5 миллиард доллар көлемінде шығынға ұшырайтынын реттеуші органдарға хабарлады.

Жаңа ережелерге сәйкес, жасанды интеллект технологиясының бастауында тұрған және әлемдегі ең қымбат компаниялардың бірі саналатын бұл алпауыт енді Қытайға кеңінен танымал H20 чиптерін экспорттау үшін арнайы лицензия алуы керек.

Өткен аптада АҚШ билігі чиптердің суперкомпьютерлерде пайдаланылуы мүмкін деген алаңдаушылыққа байланысты лицензия қажет екенін Nvidia-ға хабарлаған. Бұл туралы компания АҚШ-тың Қор нарығын реттеу комиссиясына (SEC) мәлімдеді. Аталған талап белгісіз уақытқа дейін күшінде болмақ.

Nvidia чиптері бүкіл әлем бойынша жасанды интеллект жүйелерін оқытуда кеңінен қолданылады. Мысалы, осы чиптердің көмегімен Қытайдың DeepSeek компаниясы жыл басында өз ЖИ моделін оқытып, ол өз кезегінде Nvidia акцияларының күрт төмендеуіне себеп болған. Nvidia-ның негізгі чиптерінен айырмашылығы, H20 үлгілері арнайы экспорт үшін жасалған және олардың өнімділігі бастапқыда-ақ экспорттық шектеулерге сәйкес етіп төмендетілген.

Еске сала кетейік, Американың енгізген салығына жауап ретінде Қытай 12 сәуірден бастап АҚШ тауарларына салынатын баж салығын 84%-дан 125%-ға дейін көтереді.

 

Соңғы жаңалықтар