Alphabet әлемдегі ең бай компания Apple-дің алдына түсіп кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Apple компаниясы әлемдегі ең бай компания атағынан бірнеше сағатқа айырылды, оны құрамына Google кіретін Alphabet Inс. холдингі иемденді. Аталмыш корпорация төртінші тоқсанды қорытындылап, қаржылық болжамын жария еткенде акцияларының бағасы 6 пайызға өсіп кетті.

Alphabet әлемдегі ең бай компания Apple-дің алдына түсіп кетті

Бірнеше сағат бойы Alphabet 554 млрд долларға, ал Apple - 534 млрд долларға бағаланды, соңғысының акцияларының бағасы төмендей берді. Сарапшылар кезекті биржа саудасы басталғанда жағдай өзгеруі мүмкін деп болжайды, бірақ Alphabet-тің позициясы өзгермеуі де мүмкін.

Кейбір сарапшылар холдинг бағасы 1 трлн доллардан асатын әлемдегі бірінші компания болу мүмкіндігіне ие деп болжайды. Алайда бұған дейін де осыған ұқсас болжамдар Apple-ға қатысты айтылған.

Қазіргі кезде соңғысының нарықтағы капиталы $540 млрд, Alphabet-тікі - $517 млрд-ты құрайды.

Соңғы уақытта Apple смартфондарына сұраныс айтарлықтай төмендеп кетті, сондықтан компанияға жаңа озық өнім қажет болып отырғаны атап өтілуде. Alphabet болса, өзінің іздеу және жарнамалық бизнесін дамытуды үздіксіз жалғастырып келеді.