Алпыстан астам құлан «Іле-Балқаш», «Алтын дала» резерваттарына көшірілді

АСТАНА. KAZINFORM – Құландар популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы аясында 66 құлан «Іле-Балқаш» және «Алтын Дала» резерваттарына көшірілді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді.

құлан
Фото: Visit Zhetysu туристік ақпарат орталығы

– Жануарларды көшіру және олардың бейімделуі үшін қолайлы жағдай жасау – түрді сақтап қалуға және Қазақстанның жазық далалы экожүйесінде табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге ықпал етеді. Қазақстан аумағында толығымен жойылып кеткен құландар 1950-60 жылдары Түркіменстаннан әкелінген 14 құланның көмегімен қайта жанданып, 4493-ке жетті, – деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар Президент тапсырмасын орындау мақсатында каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін биылғы қазан айында Үкімет қаулысымен «Каспий итбалығы» табиғи резерваты құрылды.

Бұдан басқа, жек дуадақ популяциясын сақтап қалу және табиғи тіршілік ету ортасына жіберу мақсатында Біріккен Араб Әмірліктерімен келісім аясында Түркістан облысында Жек дуадақты қайта өсіру орталығы салынды. 2009-2024 жылдар аралығында 73 мыңнан астам жек дуадақ табиғатқа жіберілді.

Бұған дейін Ерлан Нысанбаев Қазақстанға Нидерландыдан жеткізілген жолбарыстардың алғашқы қысы қалай өтіп жатқанын айтып берді.

Сондай-ақ, алдағы бес жылда Еуропадан Қазақстанға 40 Пржевальский жылқысы әкелінеді.

Бұдан бөлек, Қазақстанның Қызыл кітабына тағы 11 жануар түрі енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар