Алтай ауданында үйлерді су басқаны жайлы жалған ақпарат тарады

су басты
Фото: видеодан алынған скрин

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Алтай ауданында 5 үйді су басқаны жайлы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Бүгін бірқатар БАҚ-та Алтай ауданына қарасты 5 үйді су басқаны туралы ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда облыста су тасқынының үшінші толқыны жүріп жатыр. Біріншісіне қардың көп еруі, екіншісіне тау өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі себеп болған. Бірінші және екінші толқын кезінде тұрғын үйлердің ауласына су кіргендігі туралы бірден хабарланды. Алайда су тасқынына қарсы алдын алу шараларының арқасында материалдық және адам шығыны тіркелмеді» деп хабарлады өңір әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Үшінші толқынға жауын-шашынның мол түсуі себеп болған. Осыған байланысты облыстың үш ауданында саяжай учаскелері мен үйлердің ауласына су кірді.

Бірақ үйлердің өзіне су кірген жоқ. 

«Мәселен, Алтай ауданында Бұқтырма өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты үй маңындағы аумақтарға су жайылды. Тұрғындар үшін уақытша орналастыру пункттері алдын ала дайындалды. Алайда халық өз еркімен эвакуациядан бас тартып, туыстарына уақытша орналастырылды. Коробиха ауылы Коробиха өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты су тұрғын үйлер ауласына енбей, көше бойындағы транзит арқылы өтті. Дәл қазір өзендегі су деңгейі төмендеген» делінген ақпаратта. 

Глубокое ауданындағы Үлбі өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты 2 мамырға қараған түні бірнеше саяжай учаскелерінің ауласын су басты.

Қызыл су тұрғын үйлерге залал келтірмей, үй маңындағы бақша арқылы транзитпен өткен. 

Белгілі болғандай, тәулік ішінде өзен суының деңгейі төмендеді. 

«Қазіргі уақытта ТЖД, № 68303 әскери бөлімінің және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен аталған аудандарды қызыл судан тазарту, суды бұру сияқты жұмыстар жүргізілуде. Су тасқыны қаупі бар барлық елді мекендердегі жағдай бақылауға алынған» делінген хабарламада.

 

Соңғы жаңалықтар