Алтай ауданында бүлдіршіндер балабақшамен толықтай қамтылған – ШҚО
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында көпбалалы және аз қамтылған 200-ге жуық бала автобуспен тегін жүруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алтай аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 3 жастан асқан балалардың мектепке дейінгі мекемемен қамтылуы 100 пайызды құрап отыр. Ал үшке дейінгі бүлдіршіндердің қамтылу деңгейі – 98 пайыз. Барлық мектептер мен балабақшаларда карантин талаптары қатаң сақталуда.
«Осы оқу жылының басында көпбалалы және аз қамтылған 866 отбасының балаларына мектеп формасы мен аяқ киім тегін берілді. Алтай мен Серебрянск қалаларындағы аталған санаттағы 194 бала қоғамдық көліктерде еш ақысыз тасылмалдануда. Сондай-ақ мектептерге 2 жаңа автобус сатып алынған», - деді бөлімі басшысы Б.Канафина.
Оның айтуынша, талапты оқушыларды анықтау мақсатында аудан мектептерінің шәкірттері үнемі аудандық, облыстық сайыстарға қатысып тұрады. Екі тоқсанда 196 бала түрлі сайысқа қатысқан. Оның ішінде 43-і жүлделі орын алды.
Оқу жылының бірінші жартыжылдығында 135 педагог біліктілік арттыру курстарын өтті.