Алтай қазақтары Астана тұрғындарын қала күнімен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - РФ Алтай республикасының Қосағаш ауданы әртістері Астанадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де қала күніне арнап, мерекелік концерт берді.
«Астаналықтарды құттықтау үшін біз Алтайдан арнайы келдік. Әртістеріміз негізінен аудан жастарының шығармашылық ұжымдарынан құралған. Кешке барлық тілек білдірушілерді шақырдық», - деді Қосағаш ауданының басшысы Әуелхан Жатқанбай.
Аудан басшысының айтуынша, Қосағашта қазір он мыңға жуық қазақ тұрады. Онда қазақ мәдени орталығы жұмыс істейді.
«Біз барлық ұлттық мерекелерді атап өтеміз. Қазақ мәдени орталығының жұмысы мен жергілікті биліктің қолдауы арқасында өзіміздің салт-дәстүрімізді, тіліміз бен дінімізді сақтап отырмыз. Бүгінде аудандағы әрбір қазақ ауылында мешіт пен мектептер бар», - деді алтайлық делегация басшысы.
Концертті университет студенттері мен оқытушылары, қала тұрғындары тамашалады. Шығармашылық ұжым елордалықтарды алтайлық авторлардың әр жылдардағы ұлттық саз-әуендерімен сусындатты.