Алтай Көлгінов астаналық энергетиктердің жұмысын сынға алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов астананы газбен қамту бойынша өткен отырыста астаналық энергетиктердің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Алтай Көлгінов астаналық энергетиктердің жұмысын сынға алды

Әкім Алтай Көлгінов ТЭО-2 станциясына барып, астананы газдандыру мәселелеріне қатысты көшпелі отырыс өткізді.

Отырыста әлі жоба-сметалық құжаттамалардың дайын емес екендігі анықталды. Сараптамадан өткізілмеген. Қазіргі кезде конкурстарға қатысты сот даулары өтіп жатыр. Кейбір жобалар бойынша әлі де конкурс жарияланбаған. Осының бәрі жауапты құрылымдардың бір-бірімен келіспей жасаған әрекеттерінен туындап отыр.

Отырыста алдағы жылу маусымына көмір жеткізу, «ТЭО-1 және ТЭО-2 станцияларын кеңейту және күрделі жөндеу» жобасының аясында жасалған қондырғыларды «Астана-Энергия» АҚ теңгеріміне беру мәселелері талқыланды.

Астанадағы ТЭО станцияларын газдандыру жобасының 1-кезегі 2019-2021 жылдары іске асырылуы тиіс екендігі айтылды. Осы кезеңде қаланың 633,67 млн текше метрі газ тұтынуы жоспарланған. Бұл жоспардағы жалпы мөлшердің 96%-ын (658,15 млн текше метр) қамтиды.

Әкім қазандық агрегаттарына NID технологияларын енгізу жұмыстарын бақылауды тапсырды. Бұл технологиялар қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттар мөлшерін қысқартуы тиіс.

«ТЭО-1 мен ТЭО-2 - астанаға өмір беріп тұрған стратегиялық нысандар. «Астана-Энергия» АҚ басшылығы келісім жасалмаған мәселелерді шұғыл реттеуі тиіс. Біз жылу электр станцияларын газ қабылдауға дайындауға тиіспіз. Әр бөлімше апта сайын атқарылған жұмыстың есебін беретін болсын», - деді әкім.

null