Алтай Көлгінов аудан әкімдеріне қардан тазалау жұмыстарын бақылауды тапсырды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жұмыс күні басталғанға дейін Алтай Көлгінов қаланың бірнеше жерлерін, соның ішінде жеке секторды аралап, қардан тазарту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Аудан әкімдері күн сайын өз аумақтарыңызды аралап, қай жерлерді қардан тазалау қажет екендігін бақылаңыздар. Қазір су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейтуге баса назар аудару қажет. Пәтер иелері кооперативтері мен мердігер ұйымдар аула ішіндегі аумақтарды тазалау бойынша жұмыстарды жандандыруы тиіс. Әлеуметтік нысандар аумағынан, жаяу жүргіншілер жолынан бөлек аула аумақтарын да тазарту қажет. Пәтер иелері кооперативтері мен мердігер ұйымдар өздеріне тиесілі жауапкершілікті нақты сезінуі керек. Егер мердігерлік ұйым өз жұмысын дұрыс жасамаса, олар қар тазалаумен айналыспауы керек. Қыс әлі аяқталған жоқ, қарды белсенді тазалап, шығару қажет. Жаңа арнайы техниканы толығымен пайдаланыңыздар», - деді Алтай Көлгінов.


