Алтай Көлгінов: Ауылда тұратындарға үлкен мүмкіндік ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының тең жартысы ауылда тұрады. Елбасының «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіндегі ауыл жайлы тың бастамалары, ауылды қаржылай қолдау тетіктері - сол ауылдағы ағайынға үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алтай Көлгінов: Ауылда тұратындарға үлкен мүмкіндік ашылды

«Барлығымыз бүгін тарихи шешімге куә болдық. Шынында да, Елбасы - «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі үлкен бағдарламаны тағы да бізге айқындап берді. Өңірлерде азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру міндеті қойылды. Әсіресе, көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған отбасылардың жағдайын жақсартуға ерекше назар аударылып отыр», - деді Алтай Көлгінов «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінен кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Қазақстанда ауқатты азаматтар жетерлік. Ол - ең алдымен ел экономикасының арқасы. Қазір елімізде көпбалалы отбасылардың ішінде мекеме басшылары да бар, кәсіп ашқан бизнесмендер де бар.

«Бірақ, сонымен бірге аз қамтылған отбасылар да барын білеміз. Сол санаттағы азаматтарға Елбасы ерекше назар аудару керектігін айтты. Ол санаттағы отбасыларға мемлекеттен үлкен қолдау болатынын бекітті. Сондықтан, біз өңірде ауқымды жұмысты бастайтын боламыз», - дейді әкім.

Алтай Көлгінов әлеуметтік қолдау турасындағы бастамаларға сай әр азамат еңбекке бейімделетін болса, мемлекет одан ары дамитынын тілге тиек етті.

«Себебі, өзінің кәсібін ашатын азаматтарға мүмкіндік тауып берсек, шағын несиемен қолдасақ, жақсы болады. Көпбалалы отбасылардың балаларын дұрыс тәрбиелеуіміз керек. Білімді ұрпақ болса, ертең ата-анасына қолғанат болады. Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі деп текке айтпайды. «Ауыл - ел бесігі» және «Құтты мекен» бағдарламасы ауыл халқының еңсесін көтерері анық. Біздің өңірдің тең жартысы ауылда тұрады. Соларға Елбасының тапсырмасына сәйкес жақсы қолдау, мүмкіндіктер ашылуда», - дейді Алтай Көлгінов.

Еске сала кетсек, Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде партия Төрағасы - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ауылдарды дамытуға 90 млрд теңге бөлуді тапсырған болатын.