Алтай Көлгінов Оралдағы халықаралық әуежай туралы: Меншік иесі нысанды жаңғыртуға ақша салмаған

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Оралдағы халықаралық әуежайдың айналасындағы сауда туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алтай Көлгінов Оралдағы халықаралық әуежай туралы: Меншік иесі нысанды жаңғыртуға ақша салмаған

«Бұл әуежайдың өз жағымсыз тарихы бар. Бұл бұрын болған оқиға. Теріс мәлімет бермеу үшін қазір нақты ай-күнін айта алмаймын. Бұл әуежай кезінде жекешелендірілген және меншік иесі нысанды жаңғыртуға ақша салмаған – ұшу-қону жолағына да, терминалға да. Шамамен 10 жылдай бұрын ұшу-қону жолағы мемлекет есебінен жөнделген. Ал терминал былтыр «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» есебінен жөнделді. Бұл да әкімдіктің бастамасы болатын», - деді вице-Премьер.

Оның айтуынша, меншік иесі әуежайды өзгенің басқаруына беру үшін мемлекеттің келісімі керек.

«Қазіргі бір қолдан екінші қолға беру туралы құжаттарды көрмей пікір білдіре алмаймын. Зерттеу керек. Неге жеке меншік иесі басқа басқарушыға беріп жатқанын анықтау керек. Өйткені мемлекеттің келісімі керек. Сондықтан анықтау керек», - деді Алтай Көлгінов.