Алтай өлкесінде апатқа ұшыраған қазақстандық автобус 6 күннен бері трассада тұр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 8 қарашада жол апатына ұшыраған Өскемен-Барнаул бағытындағы жолаушылар автобусы алты күннен бері сараптама нәтижесін күтіп, трассада тұр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Алтай өлкесінде апатқа ұшыраған қазақстандық автобус 6 күннен бері трассада тұр

Алтайлық БАҚ-тың хабарлауынша, 8 қараша күні таңертең А-322 «Барнаул-Рубцовск-Қазақстан Республикасының шекарасы» тасжолының 106-ыншы шақырымында жан түршігерлік жол апаты болып, «Тойота» автомобилінің төрт жолаушысы қаза тапқан. Олардың барлығы да әскери қызметшілер болған. Ал «Реноның» үш жолаушысы ауруханаға жеткізілген.

Қазақстандық автобустың ішіндегі жолаушылар зардап шекпеген. Топчиха елді мекенінің маңындағы көпір жанында «Тойота» жүргізушісі көлікке ие бола алмай қалып, қарама-қарсы бағытқа шығып кетеді де, жол жиегіндегі қоршауға соғылады. Оның артынан қазақстандық «Фотон» автобусы, кейін «Рено» келіп соқтығысады.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтау үшін екі елдің полиция қызметіне, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті мен Өскемен автовокзалының әкімшілігіне хабарласты. «Айтылып жатқан әңгімелер (әлеуметтік желілерде - ред. тым әсіреленген. Шын мәнінде, жағдай мүлдем басқа. Біріншіден, автобус жолаушылары апаттан кейін 20 минуттан соң, Барнаулға тегін жеткізілді», - дейді Өскемен автовокзалы басшысының орынбасары Иван Евдокимов.

Оның сөзіне қарағанда, көрші ел әскери прокуратурасының тергеу органдары сараптаманы алдағы жұма күні, 17 қарашада аяқтауға уәде берген. «Жол апатына ұшыраған қазақстандық автобустың жүргізушілері Топчиха елді мекеніндегі қонақүйде жатыр. Автобусқа қажетті бөлшектер жеткізілген», - дейді И. Евдокимов.

Анықталғандай, қаза тапқан әскери қызметшілер 22, 23, 24 және біреуі 31 жаста болған.