Алтай өңірінің қысқы спорт ойындары ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Алтай тауының айналасындағы өңірлердің II қысқы спорт ойындары 12 қаңтар күні Қытайдың Алтай қаласында салатанатты түрде ашылды. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.

Алтай өңірінің қысқы спорт ойындары ашылды
Фото: news.cn/sports

Төрт күнге жалғасатын дүбірлі додада мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, сноубординг және шаңғы кросы сияқты 7 спорт түрі бойынша сайыстар өтеді.

Қысқы Алтай ойындарына Шығыс Қазақстан облысынан, Ресейдің Алтай өлкесі мен Алтай, Тыва республикаларынан, Моңғолияның Ховда, Баян-Өлгей және Увс аймақтарынан, Қытайдың Цзилинь провинциясынан, Санжы дүнген автономиялық облысынан, Үрімжі, Бэйтунь, Турфан қалалары мен Алтай аймағынан 13 құрама (жалпы 170-тен астам спортшы мен жаттықтырушы) қатысып отыр.

Ашылу салтанатынан кейін өткен супергигант (1200 м) жарысында Үрімжі қаласының өкілі Дай Хаобо ерлер арасында чемпион атанса, әйелдер арасынан Қазақстан спортшысы Дмитриевна Квач бас жүлдені жеңіп алды.

- Қысқы Алтай ойындарын өткізудегі мақсатымыз – қысқы спорт арқылы Алтайдың «қар және мұз индустриясының» ықпалын арттырып, «Алтай тауы» қысқы туризм брендінің атағын әлемдік деңгейге көтеру. Біз отандық және шетелдік туристерді Алтайға көптеп тартуды. Сондай-ақ ұлттық және провинциялық деңгейдегі шаңғышылар құрамаларын осында оқу-жаттығу өткізуге шақыруды көздеп отырмыз. Осы арқылы қысқы спорт, қысқы туризм, мұз мәдениеті және қысқы спорт жабдықтары секілді сан салалы өндірістік қызметті алға дамытуға жол ашылмақ, - дейді Алтай аймағының (Қытай) Мәдениет, спорт, туризм және радио-телевизия басқармасының басшысы Ділдә Нәбиқызы Синьхуа агенттігінің тілшісіне берген жауабында.

Алтай таулары Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай аумағы арқылы Батыс Сібір ойпатынан Гоби шөліне дейін 2000 шақырымға созылып жатыр. Қытайдың Алтай аймағы Алтай тауының күнгей бетінде, ол әлем бойынша шаңғы тебуге ең қолайлы өңірлердің бірі саналады. Алтай тауларының айналасындағы өңірлердің атсалысқан алғашқы қысқы спорт ойындары былтыр қаңтар айында Алтай қаласында (Қытай) өткен болатын.

IX қысқы Азия ойындарының билеттері сатылымға шыққанын жазған болатынбыз.