Алтайда үсіп қалған альпинистердің мәйітін тікұшақпен тасымалдайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жексенбі күні 14 тамызға қараған түні Алтай республикасы Актру мұздығында қаза тапқан 4 альпинистің мәйіті тікұшақпен тасымалданады деп күтілуде.
«Оқыс оқиға болған жерде тікұшақтың қонуына арналған орын дайындалып жатыр. Ауа райы қолайлы болса, мәйіттер бүгін тасымалданады», - деп «Интерфакс» Ресейдің Тергеу комитетінің аймақ бойынша Тергеу басқармасына сілтеме жасап хабарлады. Ведомство өкілі альпинистердің қаза табуы фактісі бойынша тергеу алды тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Еске сала кетейік, тамыздың 14-не қараған түні Алтай республикасындағы Купол шыңына шығу кезінде Томсктің төрт альпинисті - Олег Твердохлебов, Дмитрий Шелефонтюк, Андрей Мартынов және Алиса Ротанова мерт болды. Алдын ала болжам бойынша, олардың өліміне күннің күрт суытуы себеп болған.