Алтайдағы қазақтармен кездесу: қаймағы бұзылмаған Қосағашым

АСТАНА. ҚазАқпарат - Моңғолияның Ұлан-Батыр, Налайх, Қобда, Баян-Өлгей аймақтарында өткен қазақтар кездесуі Алтай Республикасы Қосағаш ауданында жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алтайдағы қазақтармен кездесу: қаймағы бұзылмаған Қосағашым

Орыс, алтай, қазақ халықтарының татулықты ту еткен мекенінде құрамында Отандастар қорының президенті Абзал Сапарбекұлы және Парламент депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев, Болат Керімбек пен бір топ зиялы қауым өкілдері бар ресми делегацияны Қосағаш ауданының әкімі Серікжан Мұратханұлы мен аудан мәслихаты төрағасы Санаш Дидунов шекара шебінен қарсы алып, Алтай қазақтарының мұрасы сақталған Жаңа ауыл елдімекеніне алып барды. Делегация мүшелері өңірдің тұрмыс-тіршілігімен танысып, осындағы ұлттық құндылықтар дәріптелген мұражайды аралады.


Алтай Республикасында аумағы жағынан ең үлкен және үш бірдей елмен шекаралас жатқан (Моңғолия, Қазақстан, Қытай) Қосағаш ауданының халқы қазақы дәстүрі мен салтын жақсы сақтаған. Атап өтерлігі, Ресейдегі қазақ тілінде 1-5 сыныптарға арналған оқулық өткен жылы осы жерде ұстаздардың ұзақ жылғы еңбегімен өткен қолданысқа енді.

Халықпен кездесу аудан орталығында орналасқан саябақта ресми делегациямен қатар жүрген қарағандылық «Тәттімбет» атындағы академиялық ұлттық аспаптар оркестрдің салтанатты концертімен жалғасты. Бұл шаралар Ресей халқының Отбасы күнімен орайлас келді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет осы деңгейде қазақша концерт тыңдаған қосағаштықтар ерекше қуанышқа бөленіп, көздеріне жас алды. Атамекеннен алыста жатқан Алтай қазақтарының көңілі марқайып, рухы асқақтап, Қазақстанға дұғай сәлемдерін жеткізді.

Шара соңында аймақ халқының бірлігі, қазақ тілін сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген Қосағаштағы қазақ мәдени орталығының басшысы Арқалық Сұлтанов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар аудан әкімі Серікжан Мұратханұлы мен аудандық мәжіліс төрағасы Санаш Дидуновқа «Отандастар қоры» алғыс хаты және «Алғыс» естелік медалі табыс етілді.