Алтын алам деп келіп едім, қола да бұйырмады – Сәкен Бибосынов

ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарының ширек финалында өнер көрсетіп, ұтылып қалған Сәкен Бибосынов осы кездесуге қатысты пікір білдірді.

Сәкен Бибосынов
Фото: Kazinform

«Өте өкінішті болды. Алтын алам деп келіп, қолаға да қол жеткізе алмадым. Бұл жолы басты қарсыласымнан есемді қайтарам деп ойлағанмын. Бәрі керісінше болды. Шаршы алаңда барымды салдым. Бірақ төреші қарсыласымының қолын көтерді. Демек, сол жеңді. Мен еліміздің намысын қорғай алмадым», - деді жекпе-жектен кейін Сәкен Бибосынов.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Бибосынов ежелгі қарсыласы өзбекстандық Хасанбой Дусматовтан ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.

Айта кетейік, бүгін қазақстандық спортшылар спорттың 8 түрінен - стендтік ату, академиялық есу, дзюдо, жеңіл атлетика, жүзу, семсерлесу, бокс және батут гимнастикасынан бақ сынады. Бүгінгі спортшылар арасында ең үздік нәтижені боксшы Нұрбек Оралбай көрсетті. 80 келі салмақта отандасымыз ширек финалда Әзербайжан боксшысы Мурад Аллахбердиевті ұтып, жартылай финалға шықты.