Алтын алғым келіп еді, қоланы қанағат тұтпай тұрмын — Назым Қызайбай
ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында әйелдер боксынан Назым Қызайбай жартылай финалда қытайлық боксшыдан ұтылып, қола жүлдегер атанған еді.
Жекпе-жектен кейін ол алтын медальға қол жеткізе алмағанына өкініп тұрғанын айтып, жылап жіберді.
«Негізгі мақсатым Париж Олимпиадасының алтыны болатын. Өкінішке қарай финалға жете алмай қалдым. Дайындығым барлығы өте жақсы болып еді. Бірақ, қытай қызы тактикалық жақтап алдап кетті. Негізі, менен бүкіл халық алтын күтті ғой. Мен сол күткен үмітті ақтай алмадым. Сол жағын ойлап, көңілім босап тұр. Арманым — қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы атану еді. Бірақ, бұйырғаны қола медаль болды», — деді Назым Қызайбай.
Десе де, Олимпиададан алған жүлдесін кімдерге арнайтынын да айтып өтті.
«Бұл Олимпиада жүлдесін қаншама жыл армандадым. Алтын болмағаны деген болмаса, бұл да медаль емес пе. Ең бастысы елге жүлдесіз қайтпағаным қуантады. Жүлдемді еліме, ата-анама, жанкүйерлеріме, командаластарыма арнаймын», — деді боксшы.
Айта кетейік, бүгін Назым Қызайбай ел қоржынына 3 қола жүлдені сыйлады. Әзірге ел қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль бар.