Алтын бағасы 3 мың доллар шегіне жақындады
АСТАНА. KAZINFORM — Бейсенбіде алтынның бағасы рекордтық деңгейге көтеріліп, бір унция үшін 3 мың долларға жақындады, деп хабарлайды CNBC.
Алтынның спот бағасы 1,6% қымбаттап, унциясы үшін 2 977,36 долларды құрады. Бұл — 2025 жылы нарықтағы 12-ші ең жоғары көрсеткіш.
Жыл басынан бері бағалар 2024 жылы 27%-ға жылдам өскеннен кейін 14%-ға жуық өсті. АҚШ-та алтын фьючерстері 1,4%-ға өсіп, 2989 долларды құрады.
— Алтын ұзақ мерзімді «бұқалар» нарығында тұр. Бағалар биыл 3000 доллардан 3200 долларға дейін өзгереді деп болжап отырмыз, — деді «Allegiance Gold» бас операциялық директоры Алекс Эбкариан.
АҚШ президенті Дональд Трамптың тұрақсыз сауда саясаты инвесторлар геосаяси және экономикалық күйзеліс кезінде сатып алғанды жөн көретін алтынның бағасын шарықтатып отыр.
— Тарифтердің өзгеруіне қатысты жалғасып жатқан белгісіздік шынымен алтынға деген тәбетті күшейтіп келеді — деді «Standard Chartered» сарапшысы Соки Купер.
Тағы бір себеп — Қытай Халық банкінің Қытай ақпан айында төртінші ай қатарынан алтын сатып алуын жалғастырғаны туралы деректер.
Бұған дейін Қазақстан аймақтарында алтын құны қандай екенін жазған болатынбыз.