Алтын-Емелде фототұзаққа ілбіс түсті
АСТАНА. KAZINFORM - «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жүргізіліп жатқан ғылыми-далалық зерттеу жұмыстары барысында фототұзақтар қар барыстарын бірнеше рет тіркеді.
ҚР Экология министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кадрларда сирек жыртқыштардың табиғи ортада қозғалып жүргені, сондай-ақ суатқа келіп, су ішкен сәттері бейнеленген. Табиғатта өте сақ әрі жасырын тіршілік ететін қар барысының осындай кадрлары оның мекен ету аумағы мен мінез-құлқын зерттеу үшін ерекше құнды.
Қар барысы биік таулы, жартасты аймақтарға керемет бейімделген. Оның жалпақ табандары қар үстінде еркін қозғалуға мүмкіндік берсе, ұзын әрі қалың құйрығы тік беткейлерде қозғалғанда және секіргенде тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.
-Фототұзақтар жануарларды мазаламай бақылауға және олардың табиғи ортадағы тіршілігі туралы маңызды ғылыми деректер жинауға мүмкіндік береді,-деп жазады ҚР Экология министрлігінің баспасөз қызметі.
Осыған дейін Катонқарағай паркінде ілбістердің сирек кездесетін түрлері фототұзаққа ілінген болаты.