«Алтын-Емелден» Іле-Балқаш резерватына 30 құлан көшірілді
АСТАНА. KAZINFORM – Құлан популяциясын сақтау және оның таралу аумағын кеңейту мақсатында «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына 30 құлан жіберілді, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Жануарларды көшіру барысында оларды қауіпсіз тасымалдау және жаңа мекендеу ортасына бейімдеу бойынша қажетті жұмыстар жүргізілді.
Алдағы уақытта мамандар құландардың жағдайын және жаңа табиғи ортаға бейімделу барысын бақылауда ұстайды.
– Бұл шара құланның табиғи популяциясын қалпына келтіруге, таралу аумағын кеңейтуге және еліміздің биоалуантүрлілігін сақтауға бағытталған, – делінген министрлік хабарламасында.
Құландарды көшіру жұмыстарына Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, «Охотзоопром» ӨБ, «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватының мамандары қатысты.
Айта кетейік, «Алтын-Емел» ұлттық паркінде тауешкілер тобы фототұзаққа түсті.