«Алтын Орда» базарында әлі де заңсыз ақша жинайтындар бар екені рас па – комитет өкілінің жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков әлеуметтік желідегі «Алтын Орда» базары туралы шағымдарға пікір білдірді.

Сауда комитетінің басшысы «Алтын Орда» базары туралы шағымдарға пікір білдірді
Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

«2022 жылы Бас прокуратураның бастауымен қазір көп айтылып, көп жазылып жүрген «Алтын Орда» базарында үлкен тексеру болды. Былтыр өзім сол базарда бірнеше апта болған шығармын. Өйткені базарды тәртіпке келтіру туралы қайта тапсырма түскен болатын», - деді Айдар Әбілдабеков ведомство жанындағы қоғамдық кеңес мәжілісінде.

Сондай-ақ, комитет төрағасы әлеуметтік желіде базар туралы тараған мәліметтерді теріске шығарды.

«Ол базарда бір тауарды ондаған адамның бір-бірінен алып, қайта сатып жүргені туралы бейнероликтер тарағанын айтып отырсыз. Ондай жағдай жоқ. Базарға кірген жүк көліктерінен, көтерме саудагерлерден бірнеше қайталап ақша алатыны, бағаның сол үшін көтеріліп жатқаны да, ондай жоқ. Бір рет кіреді, бір рет қана төлейді. Оның құны орналасқан қатарына байланысты – бір жерде 18 мың теңге, бір жерде 15 мың теңге. Бір кірген көлік 5 тәулік тұра алады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар