Алтын орда дәуірін айшықтаған Асанас

қазба жұмысы
Фото: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында көне қалаларды зерттеу бағытында нәтижелі жұмыс атқарылып келеді. Оның арасында Асанас қалашығының алатын орны ерекше. Археолог мамандар көне шаһардың Алтын орда дәуірінде Сыр өңіріндегі ірі мекендердің бірі болғанын атап өтеді.

Асанас Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 8 шақырымда орналасқан. Облыс аумағында жатқан көне шаһарлар арасында Сығанақтың тарихта алатын орны ерекше. Ол Алтын орда дәуірінде де Алаш жұртының айбынды шаһарының біріне айналды.

Асанас та – сол замандағы ірі қаланың бірі. Десе де, оған көп жылдар бойы археологтар тарапынан назар аударылған жоқ. Кешенді қазба жұмыстары тұрақты жүргізілмеген.

Қолдағы мәлімет деректеріне сүйенсек, Асанас моңғол шапқыншылығына дейінгі орта ғасырлық қала болғанына көз жеткізу қиын емес. Төрт жылдай бұрын Асанаста кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілген. 

Көне шаһар төңірегіндегі барлау шаралары аяқталып, бұл аумақта бірнеше қаланың орны бар екені белгілі болды. Оларға Асанас-1, Асанас-2, Асанас-3 және Ахмет қала деген атау берілді. Осылайша қаланың ескі орнынан бөлек тағы көне 4 шаһардың іргелес жатқаны нақтыланды.

Бұл бағытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының мамандары ауқымды жұмыстар атқарып шықты.

Оған кезінде аталған орталыққа жетекшілік жасаған, бүгінде Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты Астана филиалы директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, PhD Әзілхан Тәжекеев басшылық етті.

қазба
Фото: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

Ғалымның айтуынша, Асанас маңайындағы қорым және Асанас ата кесенесі сол дәуірдің сәулет өнері мен архитектурасынан хабар беретін ескерткіштер деп есептеледі.

«Тарихи деректер бойынша, Шыңғыс хан әскері Сығанақтан кейін Асанасты өз ықпалына қаратқан. Одан кейін елшілер Жентке жіберілді делінеді. Итальяндық жиһанкез Джованни Плано Карпини өзінің саяхат жолында Баршынкент, Жанкент және Асанас жайында мол деректер қалдырған. Көне жазба беттерінде жиі кездесетін Асанас археологтар мен тарихшылар қызығушылығын осылайша туғызып отыр. Сырдың бойында Сауран, Сығанақ, Баршынкент, Жент, Жанкент және Асанас сынды тарихи атауын сақтап қалған санаулы ғана қастерлі мекен бар. Ал Жетіасар, Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Қосқала, Сорлытөбе, Сортөбе атаулары беріде қойылған. Қолымызда Асанас туралы тарихи деректер жетерлік», – деді археолог.

Асанас Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Ірі экономикалық, сауда-саттық, аумақтық маңызы бар орталықтарда қазандай қайнаған тіршіліктің бәрі осы тарихи шаһарлар арқылы жалғасып жатыр.

Жазба деректерде моңғол шапқыншылығынан бастап белгілі. Жауға табанды қарсылық көрсеткендіктен, жермен-жексен қиратылып, халқының көпшілігі қырғынға ұшыраған.

Сырдарияның бойындағы басқа да қалалар сияқты көп ұзамай қайта қалпына келтіріліп, ХІV-ХV ғасырларға дейін өмір сүрген.

Сырдың төменгі ағысы бойымен жүріп өткен Плано Карпини «Моңғолдар тарихы» атты еңбегінде: «Бұл жерде біз сансыз қиратылған қалалар мен қамалдарды, көптеген бос қалған қоныстарды кездестірдік. Осы аумақта үлкен өзен бар, оның аты бізге белгісіз. Жағалауында Янкинт деп аталатын қала бар. Тағы біреуінің аты Бархин, үшіншісі Орнас деп аталады және бізге белгісіз қалалар бар» деп жазған.

Ресей шығыстанушысы Павел Лерх аталған қоныстарды Сырдарияның төменгі ағысындағы қалалармен сәйкестендіріп Орнас-Асанас, Янкинт-Янгикент, Бархин-Баршынкент қалалары болуы мүмкін дейді. 

Ал, ресейлік зерттеуші Василий Каллаур 1899 жылы Асанас қаласы орнын анықтаған. Топографиялық сипаттамасын жасаған. Қалаға тартылған су жайында жазған. Қызылқұм ішіндегі сеңгірге дейін жететін арықтың бірін ауызсу десе, екіншісін егістікке тартылған арық деп жорамалдайды.

«Қала мықты мұнарасы бар қабырғамен бекінгені аңғарылады. Оның сырты ормен қоршалған. Қорғаныс қабырғаның қазіргі сақталған биіктігі 5 метрге жуық. Қабырғаның ені іргетасымен есептегенде 15 метр. 1960-1961 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы Асанас қаласын есепке алып, барлау жұмыстарын жүргізген. Ал, 1968 жылы ғалым Нина Вактурская қалаға екі мәрте зерттеу жүргізді. Қазба барысында табылған қыш ыдыстар ХІІ-ХV ғасырларға жатқызылды. Ал екінші қазбадағы керамикаларды VІІ-ІХ ғасырдағы оғыз заманымен сәйкес деп бағалады. Нәтижесінде Асанас қаласы VII-IX ғасырда пайда болып XV ғасырға дейін өмір сүрген деген болжам айтылды. Хорезм экспедициясының зерттеуіне дейін тарихи әдебиеттерде Асанасты соғдылық саудагерлер тұрғызды деген пікірлер басым болған еді. Кейінгі қазба жұмыстарында оны қала тұрғындары мен оғыздар тұрғызғаны нақтыланды», – дейді археолог.

Зерттеушілер көне шаһардың оңтүстік іргесінен өтетін Іңкәрдарияның солтүстік сағасы табанынан магистральды канал қазылғанына назар аударды. Оған Асанасөзек немесе Тораңғылсай деп атау берілген. Аталған су жүйесі Іңкәрдарияның барлық иінін немесе бұрылысын қайталап отырады.

Ол ескі арнадан бірнеше рет кіші, жағаларының арасы 10-15, тереңдігі 3-5 метрге жетеді. Кейбір жерден шығыр шұңқырының ізін, бөгеттерді және басқа да жасанды суландыру құрылыстарын байқауға болады.

қазба
Фото: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Тәңірберген Мәмиев 2000 жылы барлау қазба жұмыстарын жүргізіп, көптеген нақты мәліметтерге қол жеткізді. 

Ол шахристан дуалының орташа биіктігі 3, қалыңдығы 5 метр екенін атап көрсетті. Ал мұнара саны 20-ға жуық екеніне тоқталып, олардың арасы 6 метр жиі бекіністік сипатта екендігіне назар аударды. Ал, 2005 және 2012 жылдары Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы ескерткішке қайта барлау жұмыстарын жүргізді. 

Жер-дүниені шарлап жүрген жиһанкез ертеде «Сырдың бойын жағалап жүрген адам көптеген шаһарға кезігеді.

«Бесқаладан қашқан лақ Таразға дейін тек үйдің үстімен жүгіріп жетеді. Сырдың аяғынан ұшқан бұлбұл басына дейін тек гүлге қонып жетеді» деген екен. Бұл дарияның жағасы құт қонған, гүлденген қасиетті мекен болғанын айшықтай түседі.

Алаш жұртының түп-төркінін түгендеген белгілі ғалым Әлкей Марғұлан көне кезеңнің шежіресін таразыға тартқан шығармасының бірінде «Сыр бойында мыңнан астам көне қаланың орны бар» деп айрықша атап өткен.

Еске салсақ, бұдан бұрын Сыр бойындағы Құмиян шаһары қандай сыр бүгіп жатқанына үңіліп көрген едік.

Соңғы жаңалықтар
telegram