«Алтын іздеген»: Жетісу облысында біреулер жерді ойдым-ойдым қазып кеткен
АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысы Ақсу ауданы Суықсай ауылынан 25 шақырым жерде тереңдігі 2 метрден асатын шұңқырлар пайда болған.
Тұрғындардың айтуынша, 2-3 жылдан бері қазба байлық іздегендер ойды да, қырды да қопарып тастаған. Жұрт жайлауға шығатын сайды қазып, тас алатын заңсыз кәсіпкерлердің жұмысына қарсы. Соның кесірінен мал жаятын жер ойдым-ойдым болып қалған.

«Мына жерде ел мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысады. Келешек балаларымызға қалатын жер ғой. Ешкімнен рұқсат сұрамаған. Ойына келгендерін істеп жатыр. Біздің табиғатымызды бүлдіріп, жерімізді қазып кеткендері дұрыс емес», — деді Суықсай ауылының тұрғыны Ғалымжан Мерекенов.
Халық тиісті мекемелердің осы мәселеге қатысы бар ма деп күдіктенеді. Өйткені тау-тасты қопарып, қазба іздегендерге бірнеше жылдан бері тосқауыл болмаған көрінеді.

«Мына әңгіме ұзарып бара жатыр, тоқтату керек. Бірінші жыл емес, бәрі біліп отыр. Қазіргі әкімнің алдындағы басшы кезінде басталған. Тоқтату керек, бақылау жасайтын ететін орган бар ма өзі?!» — деді ауыл тұрғыны Сайлау Сексенбаев.
Жиналған жұрттың алдына аудан әкімінің орынбасары да келді.
«Енді құқық қорғау органдарына тапсырамыз, тұрғындар тілегі ескеріледі. Бұл жердегі жұмыс істеп жатқандардың бәрі заңсыз. Бізден де, басқа органдардан да рұқсат алынбаған. Біз хабардар болғанымызға, міне, 2-3 күн ғана болды. Ешкім айтқан жоқ», — дейді Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев.
3 жылдан бері ауыл маңын қопарып, қазып, алтын тауып жүргендердің барлығын жергілікті әкімдік білмесе де, суықсайлықтар жақсы біледі. Егер мұнымен заңсыз іс бітпесе, тұрғындар жоғары инстанцияларға шағымданамыз деп отыр.