Алты айда Астанада заңсыз қоқыс төккен 28 жүк көлігінің жүргізушісі жауапкершілікке тартылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Заңсыз қоқыс орындары елорданың экологиялық жағдайына кері әсер етеді. Тұрақты түрде өткізілетін рейдтер қоқыс тастаған тәртіп бұзушыларды анықтауға мүмкіндік береді, деп жазады қаланың ресми сайты.

Бүгін комиссиялық рейд барысында ең алдымен Royal Park City қалашығының құрылыс аумағы тексеріліп, жиналып қалған қоқыс үйіндісі табылды. Астана қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Исаевтың айтуынша, жер пайдаланушы өз учаскесінің санитарлық жағдайын бақылауға тиіс, аумақ күзетіліп, нысаналы мақсатта пайдаланылуы керек. Сонымен қатар, аталған аумақта сұйық тұрмыстық қалдықтар төгетін ассенизаторлық машина тұрған. Тәртіп бұзушыға 20 АЕК, яғни, 42 420 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

«Рейд шаралары үш аптадан бері өткізіліп келеді. Оған бірқатар тұлғалар тартылды. Біз Астана қаласының «Есіл» ауданы аумағындамыз. Бұл жеке меншікті жер, әкім аппаратымен Астана қаласы бойынша экология департаментіне одан әрі тіркеу үшін үндеу жолданады. Аталған кәсіпорын ірі кәсіпкерлік субъектісіне жатады, оған 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, қысқа мерзімнің ішінде аталған бұзушылықты жою туралы ұйғарым шығарылады», - дейді Астана қаласы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Мансұр Ошурбаев.

«Южный» гараждар кооперативі маңында, Тоқпанов көшесінің бойында орналасқан құрылыс объектісіне тиесілі аумақтан да жиналған қоқыс табылды. Құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықты жою үшін уақыт берілетін болды. Егер фирма қоқысты жинамайтын болса, ол қайтадан жауапкершілікке тартылмақ.

Рейд барысында тексерілген үшінші нысан - Astana Mall сауда, ойын-сауық орталығының жанында салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құрылыс аумағы.

 «ТемірРемСтройСервис» ЖШС бір аптадан артық уақыт бойы құрылыс аумағындағы қоқысты шығармаған. Абаттандыру ережелеріне сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарынан кейін жиналған қоқысты шығару күн сайын күн батқанша жүргізіледі. Құрылыс ұйымы қатты тұрмыстық қалдықтар мен құрылыс материалдарын көму үшін қоқыс аумағына, экополигонға шығаруға міндеттенеді», - дейді Астана қаласының «Алматы» ауданы әкімі аппараты абаттандыру бөлімінің басшысы Рамиль Досмағанбетов.

Оның айтуынша, елордада жосықсыз салушылар бар, олар қоқысты белгіленген жерге шығармай, үнемдейді, құрылыстан шыққан қоқысты экополигонда көму үшін тоннасына 3 500 теңге төлеу керек.

«Қоқысты апта сайын шығарамыз. Өндіріс сондай, құрылыс қоқыссыз болмайды, қоқыс күнде шығады, жиналып қалады. Енді әкімдіктің талабымен күнде шығаратын боламыз», - дейді «ТемірРемСтройСервис» ЖШС учаскесінің бастығы Бейімбет Каженов.

Айта кетейік, табиғат қорғау полициясының инспекторлары қала сыртында да рейдтер өткізіп, қоқыс тастайтын жүк көліктерін тоқтатады. Жыл басынан бері белгіленбеген жерлерге қоқыс тастағаны үшін жүк көлігінің 28 және ассенизаторлық машинаның 33 жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. 

Соңғы жаңалықтар