Алты жасар түркімен қызы Бягүл Эзизова шахматтан әлем чемпионы атанды

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Түркіменстанның 6 жасар шахматшысы мектеп оқушылары арасында өткен бәсекеде қарсыластарын жерге қаратты.

Алты жасар түркімен қызы Бягүл Эзизова шахматтан әлем чемпионы атанды

Грекияның Порто-Каррасе қаласында өткен 2013 жылғы Әлем чемпионатында жеті жасқа дейінгі санатта 17 мемлекеттің 25 жас спортшысы бақ таластырған жарыста Бягүл Эзизова алтын медаль олжалады.

Швейцариялық жүйемен 9 тур бойынша өткен сайыста Б.Эзизова Қазақстан, Әзербайжан, Шри-Ланка, Албания, Румыния, Моңғолия және Перу елдерінен келген қарсыластарын сеніммен ұтып, 100 пайыздық нәтиже көрсетті. Бұл жас шахматшының алғашқы халықаралық жарысы болатын. Ол алтын медаль мен Кубокты жеңіп алумен қатар Халықаралық шахмат федерациясы атынан FIDE спорт шеберлігіне кандидат атағын да иеленді. Сертификат Бягүлге әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау салтанатты шарасында табыс етілді.

Қазіргі уақытта талантты шахматшы 19-27 маусым аралығында Иранның Сары қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына дайындалуда.