Алты жыл бойы алимент төлеуден қашып жүрген СҚО тұрғыны Алматыдан табылды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында алимент төлеуден жалтарып жүргендерді анықтауға бағдарланған акция жүріп жатыр. Іс-шараның төрт күнінде полицейлер міндетін орындаудан қашып, баласына қарыз болған 9 адамды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны өз баласына алты жыл бойы алимент төлемей келген.

Міндетін орындаудан жалтарған солтүстікқазақстандық «әкенің» қазіргі уақытта Алматы қаласында жүргені анықталды. Бұл ақпарат жеке сот орындаушысына берілді.

Бұл күндері өңірде СҚО полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері алимент төлемеушілерді іздестіру акциясын өткізіп жатыр.

Алиментін, әкімшілік айыппұлын төлемей жүрген борышкерлер, жақындарымен туыстық қатынасын жоғалтқан адамдар полицейлердің назарында болады.

Акция 19 желтоқсанда басталды. Төрт күн ішінде іздеуде болған 17 адам анықталды. Оның 9-ы - алимент төлемеушілер.

Сондай-ақ, туыстық қатынастарын жоғалтқан – 5, қарыздарын төлемеген 3 адам анықталды. Көші-қон қызметінің айтуынша, бұл жұмыстар ұдайы негізде жүргізіледі.

«Акцияға полицияның басқа да қызметтері жұмылдырылады. Жыл басынан көші-қон қызметінің қызметкерлері облыс бойынша барлығы 204 іздестіру ісін тоқтатты, оның 22-сі – туыстық қатынасты жоғалту, 78-і – борышкерлер және 104-і – балаларына алимент төлемегендер бойынша», - дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Соңғы жаңалықтар
telegram