АЛТЫБАЙ КҮМБЕЗІ
ыбай күмбезі - ХІХ ғасырдың ақыры - ХХ ғасырдың басында тарақты Алтыбай батырға арнап жасалған ескерткіш-кесене. Ескерткіш Қарағанды облысындағы Бетпақдаланың Арқа жақ шетінде, Қушоқы тауының маңайында, Шажағай өзенінің бойында орналасқан.
Күмбез кірпішін жүн, май араластырып илеген. Сондықтан ол жаңбырға да езілмей, дауылға да үгілмей сақталып келеді. Күмбезді төрт бұрышты жобамен жасап, жан-жағын жұмыр бағаналармен әшекейлеген. Қабырғасының биіктігі 2,5 метр, күмбезі 3,5 метр, қалауының ені 0,8 метр. Алтыбай күмбезі Қазақстанның балшықтан салынған халықтық құрылыстары елеулілерінің бірі. Кесененің шаршы іргелігі жоғарғы жағы саңырауқұлақ сияқты бітетін үш цилиндрлі сирек кездесетін сатылы күмбезбен жабылған. Күмбездің табаны мен төменгі текшесі жұмыр жарты бағандармен және шағын қуыстармен әшекейленген, осындай қуыстар күмбездің жоғарғы кемерінде де бар. Бұрыштары ширек бағандармен бекітілген мүрде жатқан төменгі шаршы бөлік жоғарғы бөліктен әдемі айшықты бағандармен бөлінген. Күмбездің іші әктелген, жарық түсетін тесіктері бар. Ескерткіштің жалпы биіктігі 6 метр шамасында. Солтүстік-батыс жағындағы есік орнындағы ойық биіктігі 2 метр, ені 0,8 метр, жақтау маңдайы доға түрінде келтірілген. Ең алдында дәліз тәрізді төбесі жабық қосымша бөскет бар. Күмбездің негізгі ғимаратына жалғастырып діни ғұрыптарды орындауға арналған қоршау салынған.
Алтыбай күмбезі қазақ сәулет өнерінде өзіндік ерекшелігі бар құрылыс болып табылады.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том