«Алтын адам» әлемнің әйгілі музейлерінде көрсетілетін болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Алтын адам» көрмесі 2019-2020 жылдары Азия, Еуропа елдерінде және АҚШ-тың музейлерінде таныстырылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Алтын адам» көрмесі өткен жылы желтоқсан айында Беларусь астанасы Минскіде алғаш ұйымдастырылып, бір жыл ішінде Мәскеу, Баку, Сеул, Гданьск (Польша) және Қытайдың Сиань қаласында өтті. Ондағы мақсат- ежелгі темір дәуіріндегі құнды дүниелерді көрсете отырып, шетелдіктерді  далалық өркениетпен таныстыру. Көрменің басы жәдігері әрине «Алтын адам», одан бөлек сол заманның куәсі болатын археологиялық бұйымдар қойылды. Көрме шетелдіктердің ерекше қызығушылығын туғызды, мысалы Қытайдың Шэньси провинциясындағы тарихи музейге барлық саны 370 жәдігер қойылып, оны тамашалауға 170 мыңнан астам адам келді», - деді ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатыбалдин.

Оның айтуынша, алдағы жылдары аталған жоба өз жалғасын тауып, «Алтын адам» әлемнің танымал музейлеріне қойылатын  болады.

«Алдағы жылы аталған көрме Өзбекстан, Татарстан және Жапония елдерінің ұлттық музейлеріне қойылады. Ал 2020 жылы Еуропаның Франция, Германия, Италия және Голландияның маңдайалды музейлеріне, сондай-ақ, АҚШ-қа апару жоспарлануда. Сонымен қатар, алдағы уақытта көрме жәдігерлерінің саны артып, онда қойылатын бұйымдардың ерекшелігіне мән беріледі», - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесі биыл әлемнің 6 елінде болып, оны 200 мың астам шетелдік көрермен тамашалады.

Соңғы жаңалықтар