«Алтын доп» айналасындағы дау өршіп барады

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Кувейт, Фиджи және Албания бапкерлері «Алтын доптың» нәтижелері бұрмаланып, олардың дауыстары өзгертілгенін айтып, шу шығарды.

«Алтын доп» айналасындағы дау өршіп барады

Даниялық ВТ мен норвегиялық Dagbladet басылымдары түнде Боливия, Экваторлық Гвинея, Доминикан Республикасы, Фиджи, Кувейт және Вануату бапкерлері «Алтын доп» нәтижелерінің соңғы сәтте бұрмаланғанын айтып, дабыл қаққандығы туралы шулы ақпарат таратқан болатын, деп хабарлайды «Аламан».

Мақалада 2013 жылғы «Алтын доптың» жеңімпазы ретінде Роналдуды басты қарсыластары Лионель Месси мен Франк Рибериден ұзатып алға шығару үшін дауыстарының қасақана өзгертілгендігі туралы жеткізген бапкерлердің дәйексөздері келтірілген.

Мәселен, Кувейт ұлттық құрамасының 60 жасар бразилиялық бапкері Джорван Виейра: «Мен бұны тек алаяқтық деп бағалаймын, себебі мен Ибрагимовичке дауыс бергенмін» деп түсініктеме берген.

ФИФА жариялаған дауыстардың ресми тізімі бойынша, Виейра кему тәртібіне сай Месси, Неймар және Роналдуға дауыс берген. Ал, бапкердің Златанға дауыс бергендігі туралы ақпарат тіркелмеген.

Салмақты айыптауларын еселей түскен ВТ басылымы сондай-ақ Фиджи ұлттық құрамасының бас бапкері Хуан Карлос Буцеттидің де дәйексөзін жариялады.

«Мен өз дауысымды Криштиану, Месси және Рибериге берген едім. Ал, тізімде мені Левандовскиге берді деп көрсетіпті. Алғашқы аталған үшеуінің тырнағына да татымайтын Робертке мен ешқашан дауыс бермес едім».

Dagbladet Албания құрамасының бас бапкері, 57 жасар итальяндық Джованни ди Биасидің наразылығын жария етті.

«Мен бес ұпайымды Роналдуға, үшеуін Мессиге және біреуін Ибрагимовичке бердім. Мен бес ұпайды Ибрагимовичке берген жоқпын. Бұл барып тұрған өтірік»,- дейді ол.

Жоғарыда аталған құрама бас бапкерлерінің осылайша ағынан жарылуы Катар құрамасының бапкері Фахад Әл Зәррааның «Мен президентімнің айтуы бойынша Роналдуға дауыс бердім, себебі ол Әлем біріншілігінің Катарда өткізілуіне қолғабысы үшін Блаттердің алдында өз ризашылығын білдіргісі келді», деген сөздерінен кейін қаптаған еді.