«Алтын қалам» әдеби шығармаларға байқау жариялады

АЛМАТЫ. 19 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Алтын қалам» әдеби жүлдесі үшін биыл тағы да әдеби шығармаларға байқау жарияланды.
None
None

Бұл жайында бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында байқауды ұйымдастыру комитетінің өкілдері мәлім етті.

Аталған шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, әдеби жүлденің мақсаты - еліміздегі дарынды авторларды табу, олардың шығармаларын қалың оқырманға жеткізу және насихаттау.

«Биыл екінші рет өткелі отырған байқаудың ерекшелігі, оған тек қазақ тілді авторлар ғана емес, орыс тілінде жазатын қаламгерлер де қатыса алады. Сонымен қатар байқауда белгілі қаламгерлермен қоса оқырмандар да дауыс беріп, атсалысатын болады. Сондықтан жеңімпаздарды анықтайтын да оқырмандар», -дейді «Эксклюзив» журналының редакторы Кенже Жұманұлы.

Сонымен қатар ол интернет бетіне жарияланған шығарманың авторы көрсетілмейтіндігін, оқырмандар өзіне ұнаған шығармасына ғана дауыс беріп, байқау жеңімпазын анықтау әділ өтетіндігін айтады. "Өткен жылы ең соңғы іріктеу сайыста қазылар алқасы шығармаларды қарап шықты, онда да тек шығармаға дауыс берді авторын білген жоқ, сондықтан биылғы байқауда әділ өтеді деп ойлаймын", -дейді К.Жұманұлы.

Байқауға ұсынылған шығармалар «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың үздік балалар шығармасы», «Драматургия», «Жылдың үздік іскерлік және ғылыми еңбегі» сынды аталымдар бойынша қабылданады. Сонымен қатар, «Қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі үшін» арнайы сыйлық тағайындалған.

Әдеби жүлдеге қатысуға ниеті бар азамат өз шығармаларын немесе сауалдарын Ұйымдастыру комитетіне info@arzu.kz немесе kenze2002@mail.ru электрондық мекен-жайына жолдай алады. Сайт оқырманы әдеби жүлдеге қатысып жатқан барлық шығарманы оқып қана қоймай, өз пікірін де білдіре алады. Үздік туындыларды іріктегенде оқырман дауысы өте маңызды. Бәйгеге қатысатын үміткерлердің мамандығына, жасына, мекен-жайына ешқандай шектеу қойылмайды. Тек Қазақстан азаматы немесе қазақ әдебиетіне қатысы болса жеткілікті. Сондай-ақ жеңімпаз атанған шығармалар «Алтын қалам» кітабының екінші жинағына енетін болады.

Аталған байқаудың демеушілері GSM Қазақстан/Kcell ұялы байланыс операторы және Казкоммерцбанк. Жобаның ресми сайты www.arzu.kz

Соңғы жаңалықтар