«Алтын қалам» әдеби сыйлығы биыл халықаралық деңгейге шығып отыр
АЛМАТЫ. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Алтын қалам» әдеби сыйлығы биыл халықаралық деңгейге шығып отыр. Байқауға Ресей, Украина және Қырғызстанның жазушылары өз еңбектерін жіберді. Бұл жайында бүгін Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихаты кезінде байқаудың ұйымдастырушылары мәлім етті.
Естеріңізде болса 2010 жылы түрлі салалардың өкілі болып табылатын бір топ азамат елімізде дарынды қаламгерлерді тауып анықтаудың тың тәжірибесін ұсынды. Нәтижесінде әлемге танымал «Буккер» жүлдесінің қазақстандық баламасы - «Алтын қалам» дүниеге келді. Өткен жылы осы жоба аясында көптеген жас жазушылар мен ақындардың шығармалары сұрыпталып, ең үздіктері және олардың авторлары - қазақ әдебиетіндегі жаңа есімдер қалың көпшілікке жария етілді. Тиісті жүлделер «Қара сөз», «Поэзия», «Драматургия», «Қазақ әдебиетіне» қосқан үлесі үшін, басқа да аталымдар бойынша табысталды.
Жоба отандық оқырмандар қауымында, әдеби орталарда зор серпіліс туғызды. Ал биылғы 2011 жылдан бастап «Алтын қалам» халықаралық деңгейге шығып отыр. Өйткені бұл сайысқа қазақстандық қаламгерлермен қатар шет мемлекеттердің өкілдері де қатысуда. «Олардың туындылары «Шетел әдебиеті» номинациясы бойынша жеке бағаланады. Алғашқыдан бастап «Алтын қалам» әдеби сыйлығының табысқа ие болуы оның демеушілерінің де санын арттыруға әсер етті. Қазірдің өзінде жобаның ресми демеушілері ретінде «GSM Kazakhstan/Kcell», «Казкоммерцбанк» секілді әлеумет, руханият мәселелеріне бей-жай қарамайтын іскер орталарды атап өткіміз келеді. Осы жылғы «Алтын қалам» жүлдесінің тағы бір ерекшілігі - оған қатысушылардың саны қазақ тілді қаламгерлермен қатар орыс тілді шығармашылармен толыққанында жатыр», -дейді жобаны ұйымдастырушылардың бірі Қуат Домбай.
Ал Кенже Жұманұлының айтуынша, «Алтын қалам-2011» әдеби сыйлығына үміткерлердің туындылары жылдың басынан бері осы мақсатта ғаламторда арнайы ашылған www.arzu.kz сайтында қабылданған. Бұл науқан 5 қыркүйек күні ғана тәмәмдалған. Жалпы алғанда түрлі әдеби жанрлар бойынша қазақ тілінде 74, орыс тілінде 45 шығарма келіп түсіпті.
Алдағы бір айда осы жұмыстардың арасынан ең үздіктері сұрыпталып, Қазан айында «Алтын қалам» сыйлығы жүлдегерлерінің есімдері аталады. Ескертіп өтерлігі - жеңімпаздарды жобаның ұйымдастырушылары не қандай да бір әдебитетшілердің иә сыншылардың комиссиялары анықтамайды. Түпкілікті шешімді аталған www.arzu.kz сайтына еніп өз дауыстарын ортаға салу арқылы оқырмандардың өздері шығарады.
Жоғарыда айтылғанмен бірге жүлделі авторлар шығармаларының жинағын өткен жылдағыдай басып шығару ісін ұйымдастурышылық топ өз мойнына алады.