Алтын құймаларды алғашқы болып Нұрсұлтан Назарбаев сатып алды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алтын құймаларды алғашқы болып Нұрсұлтан Назарбаев сатып алды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев баспасөз брифингінде хабарлады.
«Кеше Астанадағы «Халық банкінің» бөлімшесінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына алғашқы кассалық кіріс ордері тіркелді. Елбасы 10 грамдық құймадан 100 грамдық құймаға дейін түгел сатып алды», - деді Данияр Ақышев.
Бас банкир мемлекет басшысының әрекеті өзгелерді де алтын құймаларын жинақ құралы ретінде сатып алуға ынталандыратынын атап өтті.
«Ұлттық банк өз тарапынан алтын құймалардың сатуды жандандырып, қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Екінші деңгейлі банктермен қоян-қолтық жұмыс жүретін болады. Егер, сұраныс артып жатқан жағдайда алтын құймаларды жаппай шығаруға кірісеміз», - деді Д.Ақышев.