«Алтын күз» спорттық шарасы өткізілді
АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - «Астана - есірткісіз қала» аумақтық бағдарламасы аясында Астана қалалық ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамында «Алтын күз» спорттық шарасы өткізілді. Жатып штанга көтеру, армрестлинг сияқты спорт түрлерінен өткізілген бұл шараға елорданың жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері қатысты.
Жеке есепте жатып штанга көтеруден 80 кг. салмақта Қазақ аграрлық-техникалық университетінің студенті Виталий Гальцев бірінші орын алса, екінші орынға Қаржы полициясы академиясының өкілі Дарын Смағұлов ие болды, ал үшінші орын - Астана қалалық политехникалық колледжінің студенті Бахтияр Байбеновке берілді.
80 кг. жоғары салмақта бас жүлдені «Қайнар» университетінің өкілі Петр Яцук еншіледі, екінші орынды Темір Оразбаев, үшінші орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Антон Шостов алды.
Ал армрестлингтен 80 кг. жоғары салмақ бойынша Қазақ экономикалық университетінің студенті Әсет Әкітаевқа бірінші болса, екінші орынды Қазақ аграрлық-техникалық университетінің студенті Роман Пищаев иеленді, «Тұран» университетінің өкілі Айқын Олжабаев үшінші орынды қанағат тұтты.
Нәтижесінде әділ төрелік еткен елордалық департаменттің әскери-қызметтік дайындық бойынша инспекторлары жеңімпаздарды дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.