«Алтын қыран» қорының демеушілігімен жарық көрген туындылардың тұсаукесері өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең, яғни 12 наурыз күні сағат 15.00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында халықаралық «Алтын қыран» қайырымдылық қорының демеушілігімен жарық көріп жүрген кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтеді.

«Алтын қыран» қорының демеушілігімен жарық көрген туындылардың тұсаукесері өтеді

Кітап авторларының ішінде жинақтарын тұңғыш рет шығарып отырған Әлия Дәулетбаева («Сол бір сәуле» өлеңдер жинағы), Жанар Әбсадық («Сезімдер маусымы» өлеңдер жинағы), Қуаныш Медеубаев («Қара жәшік» өлеңдер жинағы) сияқты жас ақындармен қатар, шығармалары қалың оқырманның сұранысына ие Бейбіт Сарыбай («Мейірім» әңгімелер жинағы), Азамат Тасқара («Жусанқыз» өлеңдер жинағы) сынды қуатты қалам иелері мен Думан Анаштай («Әулет» зерттеу мақалалар жинағы) қарымды журналист пен Ғалым Смағұлдай (карикатура альбомы) дарынды қылқалам шеберлері бар. Тұсаукесер рәсіміне орай өткізілетін баспасөз мәслихатында Мырзатай Жолдасбеков, Әкім Тарази, Нұрлан Оразалин, Төлен Әбдік, Несіпбек Айтұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Бигелді Ғабдуллин сияқты айтулы қоғам қайраткерлері мен белгілі ақын-жазушылар өз ойларымен бөліспек. Айта кетейік, әдебиет пен мәдениетке барынша қамқорлық танытып келе жатқан халықаралық «Алтын қыран» тобы 2012 жылы алты жас қаламгердің кітабын жарыққа шығарған болса, 2013 жылы қадірменді қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» кітаптарының ағалшын тіліне аударылуына демеушілік жасаған еді.