Алтын медальға қол жеткізуге сәл ғана уақыт жетпей қалды - Б. Бекболатұлы

Солардың бірі, биыл Ақтау қаласындағы Қазақ-түрік лицейін тәмамдаған, 18 жастағы Бекжан Бекболатұлы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында алтын медальға қол жеткізуге азғана ғана уақыт жетпей қалғанын айтты.
«Өкінішке орай, азғана ғана уақыт жетпей қалды. Өйткені, тапсырмаларды орындау барысында болмайтын жерден, кішігірім қателіктер жіберіп алдым. Соларды түзеймін деп көп уақытым кетті. Тағы 25-30 минут болғанда алтынға қол жеткізер едім. Ал тапсырмалар күрделі болды. Көбінесе логикаға негізделген», - деді Б. Бекболатұлы.
Сонымен қатар ол, бұл олимпиадаға бес жыл бойы дайындалғандығын жеткізді.
«Лицейде жетінші сыныпта әр түрлі пәндерден емтихан тапсырдық. Сонда әр пәннің мұғалімдері сол емтихандардың нәтижелері бойынша өздеріне оқушылар таңдап, оларды олимпиадаларға дайындай бастады. Мен информатикаға түстім. Кейін есеп шығарып жүргенде бұл пән маған қатты ұнады. Сол кезде Алматыда 2015 жылы иформатикадан Халықаралық олимпиаданың болатындығын естідім. Содан бастап дайындалдым. Міне, күміс медаль еншіледім. Енді университетке түсіп, студенттік олимпиадаларда одан да жоғары нәтижеге қол жеткізіп, еліміздің намысын қорғағым келеді», - деді Б. Бекболатұлы.
Айта кетелік, олимпиада екі турдан тұрды. Әр турда оқушылар бес сағаттың ішінде үш тапсырмадан орындады.